Ұлытау полицейлері заңсыз еңбекке тартылған шетелдіктерді елден шығарды

Ұлытау облысы ПД қызметкерлері рейдтік іс-шара барысында облыс аумағында 16 шетел азаматының еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғанын анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс аумағында заңсыз жұмыс жасаған шетелдіктердің ішінде Өзбекстан Республикасының жеті азаматы және Тәжікстан Республикасының тоғыз азаматы бар.

Бұл шетелдіктердің Сәтбаев қаласында тиісті рұқсатсыз және құжатсыз болғаны және жұмыс істегені анықталды.

Шетелдіктер ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот қаулысымен шығарылған талапты орындамай, Сәтбаев қаласында заңсыз жұмыс істеген.

Одан бөлек Тәжікстан Республикасының екі азаматы Алматы қаласының соты шығарған қаулының талаптарын орындамай, жауапкершіліктен жалтарғаны анықталды.

Шетелдік азаматтарды заңсыз еңбек қызметіне тартқан жұмыс берушілер де заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында барлық шетел азаматтары ел аумағынан мәжбүрлеп шығарылды.