Қарағанды тұрғыны синтетикалық есірткі сақтағаны үшін 3 жылға сотталды

Қарағанды тұрғыны синтетикалық есірткі сақтағаны үшін 3 жылға сотталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі сақтады деген күдікпен Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.

Жеке басын тінту барысында ұсталғаннан “Альфа-PvP” синтетикалық есірткі заты табылып, тәркіленді.

Ол есірткіні интернет-дүкендер арқылы жеке тұтыну үшін сатып алып отырғандығын айтты. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

Ағымдағы жылдың 11 маусымында Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының үкімімен қаскүнемге 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің көлік полицейлері жыл басынан бері 178 есірткіге қатысты құқық бұзушылықты анықтаған. Оның 6-ы өткізу фактісі, 18-і аса ірі көлемде сақтау дерегі. Заңсыз айналымнан 64 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.