Президент алдымен Қазақстан мен Корея Республикасы іскерлік орта өкілдері бас қосқан жиынның қатысушыларына ілтипат білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы отыз жылда Астана мен Сеул арасында өзара құрметке, сенімге және шынайы достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған серіктестіктің іргесін белсенді саяси диалог пен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы ортақ ұстаным бекемдей түсті.
– Бүгінде Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Кореялық компаниялардың біздің елдегі нәтижелі қызметін жоғары бағалаймыз әрі бұл оң үрдісті нығайта береміз. Корей бизнесмендері инвестиция мәселесінде анағұрлым ширақ әрі батыл қимылдайтынын, жоғары адамгершілігімен, Қазақстанға деген сыйластығымен ерекшеленетінін үнемі айтып жүремін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, үкіметтер мен компаниялар күш-жігер біріктірсе, бұл көрсеткішті еселей түсуге болады.
– Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Өнеркәсіпті өркендетуге негіз
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар Президент Ли Чжэ Мёңнің жаңа өнеркәсіп стратегиясының, соның ішінде Three Mega Projects және Seven Major SEED initiative секілді бастамалардың іске асу барысын асқан қызығушылықпен бақылап отырғанын жеткізді.
– Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық экономикалық серіктестігіміздің берік негізіне айналды. Бүгінде ортақ портфельде автомобиль құрастыру, машина жасау, металлургия және басқа да салаларды қамтитын 51 бірлескен жоба бар. Олардың жалпы құны 4 миллиард доллардан асады. Кореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдеді. Былтыр елімізде 170 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Бұл – ұлттық деңгейдегі рекорд. Оның басым бөлігі Hyundai және Kia компанияларына тиесілі. Бұдан бөлек, Қазақстанда кореялық тұрмыстық техника өндірісі өркендеп келеді. Қазіргі кезде Samsung тұрмыстық техникалары жергілікті зауыттарда өндіріледі. Осылайша, кореялық компаниялар елімізге көптеп келе бастады. Мақсатымыз – толықтай интеграцияланған, яғни бөлшектердің, озық материалдардың, электр құрал-жабдықтары мен электрониканың жергілікті өндірісін түгел қамтитын, кеңауқымды Еуразия нарығына қызмет көрсете алатын өнеркәсіп экожүйесін құру. Кореялық компанияларды осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстаннан өндіріс орындарын ашуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылыс және қала дамуы ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты ретінде аталды.
– Сіздің ел құрылыс, инжиниринг және инфрақұрылымды дамыту салаларында әлемдік деңгейдегі тәжірибеге ие. Кореялық компаниялар күрделі жобаларды тез, сапалы әрі озық технологиялар арқылы іске асыруымен танымал. Қазіргі таңда Қазақстан инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды кезеңіне қадам басты. Біз көлік, коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымынан бастап тұрғын үй және әлеуметтік нысандарға дейінгі барлық бағытта құрылыс қарқынын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Мұны Президент лауазымындағы басым міндеттерімнің бірі деп санаймын. Мақсатымыз – Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру. Аурухана, балалардың оңалту орталығы, көпбейінді медицина мекемелері, заманауи мектептер, спорт ғимараттары секілді әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше мән береміз. Бұл – кореялық корпорацияларға тың мүмкіндік. Олар Қазақстандағы ауқымды жобаларға белсене атсалысады деп ойлаймыз, – деді Президент.
Энергетика – елеулі бағыт
Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды минералдар әлемдік экономиканың стратегиялық тұрғыдан тез дамып келе жатқан секторы саналатынына назар аударды.
– Қазақстанның жер қойнауында аталған стратегиялық ресурстардың мол қоры бар. Бұл өндірістің озық салаларында және басқа да табысы жоғары секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға жол ашады. Қазақстанның қазба байлықтарын игеруге Корея тарапы инвестиция салып қана қоймай, технологиялық тәжірибесімен бөліскенін де қуана құптаймыз. Бұл ретте қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынамыз. Алматы қаласында ашылатын Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы жаңа үлгі аясындағы серіктестікті қалыптастырудың қисынды қадамы болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент екі елдің ынтымақтастығында энергетика саласы да маңызды екенін айтты. Ол кореялық компаниялар Қазақстанның энергетика секторына қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.
– Hyundai Engineering қазірдің өзінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысында жетекші рөл атқарады. Аталған жобаны кореялық компаниялардың біздің нарықта стратегиялық тұрғыдан ұзақмерзімді тұрақтап қалуына септігін тигізетін бастапқы қадам ретінде қарастырамыз. Газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетика инфрақұрылымы және жаңартылатын қуат көздері секілді салаларда серіктестік аясын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ортақ күн тәртібіндегі көлік және логистика саласының өзектілігіне назар аударды. Оның айтуынша, Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан Қазақстан заманауи әрі тиімді көлік-логистика желісін қалыптастыру арқылы осы географиялық артықшылықтың игілігін көруді көздейді.
– Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін, жылдамдығы мен сенімділігін арттыру үшін теміржол, автомобиль жолдарына, теңіз порттарына, терминалдар мен жалпы инфрақұрылымға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Орта дәліздің дамуына Кореяның да үлес қосар кезі келді деп ойлаймын. Қазақстан елімізде заманауи логистикалық орталықтарды, мультимодальді терминалдар, қойма кешендері мен жеткізу тізбегін басқаруға арналған цифрлық шешімдерді дамытып жатқан CJ Logistics және LX Pantos секілді кореялық логистика компаниялардың қадамын құптайды. Аталған жұмысты ілгерілету үшін жаңа логистикалық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін, сондай-ақ кореялық жүктердің еліміздің аумағы арқылы кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ететін Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынамын, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.
– Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірге Қазақстанда алғашқы Жасанды интеллект институтын құру бастамасын жоғары бағалаймыз. Біз Еуразиядағы ең ірі деректер өңдеу орталықтарының экожүйесін қалыптастыруға кірістік. «Деректер өңдеу орталықтарының алқабы» энергия ресурстарына бай Павлодар облысында орналасады. Жоба бір гигаватқа дейін қуатты қамтамасыз етеді. Кейін оның ауқымын тағы да кеңейтуге болады. Оған арнайы жер телімі бөлінеді және ұлттық суперкомпьютер қуатымен ұштастыруға мүмкіндік бар. Мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның басты есептеуіш технологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыру, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының пікірінше, екі елдің серіктестігін ілгерілететін перспективті бағыттың бірі – қаржы секторы. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің де маңызына назар аударды.
– Біздің өнімдеріміз әлемнің 70-тен аса еліне тасымалданады. Біз Кореяға жеткізілетін бидай, майлы дақылдар, ет, сүт өнімдерінің, бал және басқа да жоғары сапалы тауарлардың экспорт көлемін ұлғайтуға әзірміз. Сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін Кореяның технологияларымен біріктіріп, агроөнеркәсіп саласындағы қосылған құн тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз. Тамақ өнеркәсібінде ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Lotte Қазақстанның танымал шоколад брендтерінің бірі «Рахат» компаниясына инвестиция салғаны белгілі. Бұл кореялық бизнестің біздің нарықтағы ұзақмерзімді кәсібіне жарқын мысал бола алады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын дамытудың маңызына баса мән берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Корея университеттері 230-дан аса келісім жасасып, академиялық байланысты кеңейте түсті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында инвестициялық серіктестікке мүмкіндік мол деп санайды.
Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше кореялық компания басшыларын қабылдады. Алдымен Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдап, қазақ-корей инвестициялық және технологиялық ынтымақтастығының перспективті бағыттарын талқылады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Lotte Group компаниясының басқарма төрағасы Дон Бин Шинмен кездесіп, кореялық компанияның еліміздің тамақ өнеркәсібіндегі қызметін жоғары бағалап, «Рахат» брендін ілгерілетуге, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларындағы өндірістік алаңдарды жаңғыртуға қатысты табысты жобаларына назар аударды.
Мемлекет басшысы Hyundai Motor Group корпорациясының президенті әрі стратегия және жоспарлау жөніндегі бөлім жетекшісі Сунг Кимді қабылдады. Кездесуде инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда жаңа ауқымды жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды.
Осыдан соң Президент KIND корпорациясының президенті және бас директоры Ким Бок Хванды қабылдады. Әңгімелесу барысында KIND корпорациясының Алатау қаласын дамытуға қатысу перспективасына баса назар аударылды. Президент жобаның әлеуеті зор екенін атап өтіп, корей тарапы жаңа шаһардағы инфрақұрылымдық және инвестициялық бастамаларға белсенді атсалысатынына сенім білдірді. Кездесу соңында Caspian Group және KIND арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, Alatau City Authority мен KIND арасындағы Alatau Smart City жобасының бас жоспарын әзірлеу туралы келісім, Qazaqstan Investment Corporation мен KIND арасындағы стратегиялық келісім секілді құжаттар алмасу рәсімі өтті.
Кездесулер соңында Мемлекет басшысына Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның инвестициялық жобалары таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканың түрлі саласында іске асырылатын Қазақстан мен Корея Республикасының бірлескен инвестициялық жобалары жөнінде мәлімет берілді.
Ұсынылған бастамалардың қатарында Алматы қаласында жергілікті автобөлшектер өндірісін ашу жобасы бар. Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай қаласында KIA компаниясының Локализация орталығы ашылатыны туралы баяндалды. Бұдан бөлек, Президентке медицинада қолданылатын ультрадыбысты диагностика жүйелерін шығару, Алматы қаласында корейлік басқару үлгісі мен заманауи медицина технологиялары қолданылатын көпбейінді аурухана салу, дрондар құрастыру секілді маңызды жобалар көрсетілді.









