Түркістан облысында полиция ағайынды жігіттерден 65 келіден астам марихуана тәркіледі

Түркістан облысында полиция ағайынды жігіттерден 65 келіден астам марихуана тәркіледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз тасымалдаған күдікті 2 жігітті ұстады.

Полиция жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент – Жетісай тасжолында Toyota  автокөлігін тоқтатты. Көліктегі екі жігіттің Жамбыл облысының ағайынды тұрғындары екені анықталды.

Автокөліктің жүксалғышын тексеру кезінде жедел уәкілдер жалпы салмағы 65 келіден астам ішінде марихуана есірткісі бар 4 қап тауып алды.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Аталған жайт “Тосқауыл” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.