Түркі жұрты Түркістанда тоғысты

– Құрметті Мемлекет басшылары! Қа­дірлі саммитке қатысушылар! Бар­шаңыз­ды Түркі әлемінің рухани астанасы – Түр­кі­станда қарсы алып, Өздеріңізбен жүз­десіп отырғаныма қуаныштымын. Менің ша­қыруымды қабыл алып, алқалы жиынға кел­гендеріңіз үшін Сіздерге шынайы ри­за­шылығымды білдіремін. Түркістан – ата­жұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған ше­жірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңы­ра­ғы саналған.

Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан ке­сенесі – рухани тұтастық пен тарихи са­бақ­тастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңей­туге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құн­ды­лықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақ­сылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа ша­қырды. Ғұлама ойшыл ислам дінін түр­кі жұртының таным-түсінігімен ұштас­тыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды. Ясауидің тағылымды ой­лары мен хикметтері – түркі халық­тары­ның баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзек­ті­лігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Яс­ауи­­дің гуманистік идеяларына баса мән бе­ріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Та­за Қазақстан» және басқа да бірегей баста­малар табысты жүзеге асырылып жатқа­нын айтты. 

– Басты мақсатымыз – ұлт сапасын ба­рын­ша жетілдіріп, мемлекеттігімізді ны­ғай­та түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұ­­­­мыстың негізі Ясауи ілімінен бастау ала­ды. Бүгінгі жиында Өздеріңізге тағы да атап өткім келеді: мен биыл Ұлыстың ұлы кү­нінде осы киелі Түркістан жерінде Qoja Ahmet Yasaui орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қой­дым. Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-ма­ғы­­­насы айрықша марапат деп айтуға болады. Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі наг­­­раданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыста­дым. Осылайша, біз түркі руханиятының те­мір­қазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей оты­рып, халықтарымыздың арасындағы мыз­ғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының сө­зін­ше, бүгінде Түркістан – көне мен ке­лешекті тоғыстырған шырайлы шаһар. Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып ке­леді. Былтыр облыстың эконо­ми­касы 9,3 пайызға өсті, оның кө­лемі 10 миллиард доллардан ас­ты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. 

– Алқалы жиынды осында өт­кізу­дің мақсаты – атажұртта ба-уырлас елдердің көшбас­шы­лары­мен жүздесу, қайта түлеген Түр­кі­стан­ды төрткүл дүниеге таныту. Біз киелі орданың тарихы қандай те­рең болса, болашағы да сондай жар­қын боларына нық сеніммен қа­раймыз. Осы мүмкіндікті пай­да­ланып, бүгін Түркістанда Өз­бек­станның қолдауымен жаңа зәу­лім мешіт ашылғанын үлкен ри­зашылықпен атап өткім келеді. Ерек­ше тарту жасағаны үшін Өз­бек­стан Президенті, аса қадірлі Шав­кат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды біл­діремін.

Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше бол­мақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ын­тымағының тарихи символы. Ме­нің пікірімше, бұл мешітке «Ми­ромон ата» аты берілсе, өте орын­ды болар еді. Қос халқымыз бұл шешімді қолдайтынына еш кү­мән жоқ. Себебі осы қасиетті ны­сан біздің арамыздағы мәңгі дос­тыққа қызмет етеріне сенім­ді­міз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Технологиялық жаңғырудың жаршысы

Қазақстан Президенті осы тұс­та халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бастан өткеріп жатқа­ны­мыз­ды айтты. Әлемдік және ай­мақ­тық деңгейдегі бәсеке күшейіп барады. Қарулы қақтығыстар, со­­­ғыстар толастар емес. Мұның бә­рі әлем экономикасына кері әсер етіп жатыр. Таяу Шығыстағы жағ­дайдың салдарын көршілес ай­мақ елдері де сезіне бастады. 

– Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауыз­бір­ші­лікте болуы – өте маңызды. Себебі ха­лықтарымызға ортақ сан ғасыр­лық шежіреміз бар. Қазір түркі ел­дері заман талабын ескеріп, эко­номика және инвестиция са­ла­сындағы ықпалдастықты ны­ғай­туы керек, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп са­най­мын. Осы орайда бүгінгі сам­мит­тің «Жасанды интеллект және цифрлық даму» мәселесіне арналып отырғаны өте маңызды.

Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды бол­маған өзгерістермен бетпе-бет кел­ді. Жаңа сын-қатерлер пайда бол­ды. Дүниежүзінде техноло­гия­лық бәсеке күшейді, яғни ин­но­вациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты.

Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіп­сіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңын­да қалмайды деген сөз. Сон­дықтан Түркі кеңесіне мүше мем­лекеттер технологиялық жаң­ғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бір­­лесе жұмыс істеуі керек деп са­­­­наймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әле­мі­нің дамуына жол ашуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­­туынша, Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл – елі­міз­дің алдында тұрған стратегиялық мақсат. Осы жыл Қазақстанда «Цифр­­­­ландыру және жасанды ин­теллект жылы» деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды ин­теллект орталығы ашылды. Сон­дай-ақ екі суперкомпьютер іске қосылды. Келесі қадам – «Де­рек­терді өңдеу орталық­тары­ның ал­қабын» құру. Бұл жоба аймақ ел­деріне жетекші технологиялық ком­паниялар мен жаһандық цифр­лық капиталды тартуға зор мүм­кіндік бермек. 

– Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, ин­весторларға, білікті мамандарға ар­налған «Алтын визаны» енгіз­дік. Мұндай виза алған адамдар мем­лекеттік және қаржылық қыз­мет­терге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе ала­­­ды.

Сонымен қатар елімізде Цифр­лық кодекс қабылданды, Жасанды интеллект туралы заң күшіне ен­ді. Біз білім саласындағы цифр­лық инфрақұрылымды дамыту жә­не озық технологияны мең­гер­ген педагогтарды даярлау мәсе­ле­сі­не, білім беру жүйесін әр оқу­шы­ның қабілетіне сай бейімдеу, олар­дың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатпен мен жақында Жа­сан­ды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жар­лық­қа қол қойдым. Бұл да Қа­зақ­станның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға бо­лады. Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқын­дайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі.

Таяуда Алматы қаласында Тұ­рақ­ты дамуға ықпал ететін цифр­лық шешімдер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның аймақтық экономикалық жә­не әлеуметтік комиссиясының қол­дауымен жүзеге асырылады. Қа­зақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ре­тін­де бұл жұмысқа мол үлес қос­қан­дарыңыз үшін Сіздерге алғыс ай­тамын, – деп атап өтті Қазақ­стан Президенті.

Мемлекет басшысы наурыз айын­­да Түркі кеңесі сарап­шы­лары­­ның қатысуымен Шымкент қа­ласында «Жасанды интеллект жә­не цифрлық даму» халықаралық конференциясы өткенін еске сал­ды. Бұл іс-шара елдердің осы са­ла­дағы ынтымақтастығы мен мүд­делестігін айқын көрсеткен. 

– Мен былтыр Габалада өткен бас­­қосу кезінде цифрлық даму жә­не киберқауіпсіздік мәселесіне қа­тысты бірқатар бастама көтер­дім. Атап айтқанда, Түркі мемле­кет­тері ұйымының Цифрлық мо­­­­­ниторинг және Цифрлық инновациялар орталықтарын құруды ұсындым. Бұл орталықтар Ұйымға мүше мемлекеттердің өсіп-өр­кен­деуіне цифрлық тұрғыдан тың мүм­кіндіктер береді. Бұдан бөлек, сол алқалы жиында Кибер­қауіп­сіздік жөніндегі кеңес құру қажет екенін айттым.

Мұндай Кеңес елдеріміздің цифрлық әлеміндегі осал тұстарды анық­тап, инфрақұрылымға төне­тін қауіптің алдын алуға ықпал ете­ді. Осы құрылым арқылы Ұйым­ға мүше елдердің тиісті орган­дары же­дел ақпарат алмаса отырып, жұ­мыс істей алады.

Қазақстан бұл бастамалар бойын­ша тиісті тұжырым­дама­лар­ды әзірлеп, Ұйымға мүше мем­лекеттерге келісу үшін жолдады. Атал­ған нақты шаралардың бәрі де елдеріміздің ортақ мүддесіне сай келеді, сондықтан осы бағыт­та тиімді және белсенді әрекет ете­міз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылыммен ұштасқан ұстаным

Бұдан кейін Қазақстан Пре­зи­денті бірқатар ұсынысты ортаға салды. 

– Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше ел­дер арасында электрондық құ­жаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн. Екінші мә­селе: Ғарыш саласы – түркі мем­ле­кеттерінің бәсекеге қабілетін арт­тыруға ықпал ететін негізгі фак­тордың бірі. Бұл бағытты жүйе­лі түрде дамыту үшін елде­рі­міз­дің ғылыми, технологиялық жә­не қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, на­ви­гация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жү­зеге асырып, ықпалдас­тығы­мыз­ды кеңейте түсу қажет. Сол ар­қы­лы технологиялық дербестігімізді ны­ғайтып, инновациялық әлеуе­тімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, CubeSat-12U ғылыми спут­нигін іске қосудың маңызды­лы­ғын атап өтуге болады.

Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даяр­лай­тын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тә­­­­жірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологиялар­ды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түр­кі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құ­ру­ды ұсынамын. Біз Қазақстан­да жаңа форматтағы технология­лық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жос­парлап отырмыз. Жоғары оқу ор­нында түркі мемлекеттерінің аза­маттарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сө­зінше, бағдарламалау, жасанды ин­теллект және озық цифрлық технология салалары бойынша Түр­кі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-техноло­гия­лық олимпиада ұйымдастырған жөн. 

– Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді. Биыл Қор нақ­ты жобалар бойынша жұмыс іс­теу тәсіліне көшті. Жарғылық ка­пи­талы 600 миллион долларға жет­ті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стар­тапқа қолдау көрсетіп, инф­ра­құрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекет­тер­ді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын.

Төртінші мәселе. Қазір әрбір ел­де IT-жобаларға арналған тех­но­парктер бар. Мен Түркі кеңе­сіне мүше мемлекеттердің IT хаб­тарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа  Turkic ai атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналас­тыру­ға болады. Бірлескен хаб ор­тақ мүдделерімізді ілгерілетуге ық­пал етері сөзсіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бесінші мә­­селе ретінде жасанды интеллект пен озық технология дәуі­рін­де рухани және мәдени құнды­лық­тарды назардан тыс қалдырмау қажет екеніне назар аударды. Түр­кі өркениетінің мол мұрасын сақ­тау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ға­на емес. Бұл – біздің бірегей бол­мысымызды, бірлігімізді және ын­тымақтастығымызды көрсе­тетін маңызды фактор. 

– Осы орайда мен Түркі өр­ке­ние­тінің мұрасын сақтау жөніндегі кон­венция жобасын пысықтау ту­ра­лы ұсынысты қолдауға шақы­ра­мын. Бұл құжат түркі халық­тары­ның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құ­қық­тық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қыз­мет аясын кеңейте түсуге ық­пал етеді.

Алтыншы мәселе. Жасанды ин­теллект негізінде түркі халық­тары­ның тарихы мен мәдениетіне қа­тысты материалдарды жинақ­тайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұл жоба көп­тілді форматта жасалуға тиіс. Сон­да кез келген адам онлайн ре­жимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық ше-шімдер ұсынуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, же­тінші міндет – Түркі мемлек­ет­тері­нің тарихи және мәдени мұра­сын сақтау және оны болашақ ұр­паққа аманат етіп қалдыру. 

– Сол себепті мен Түркістан қа­ла­сының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өр­кениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғы­лыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жо­баларды және білім беру бағ­дарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гу­манитарлық ықпалдасты­ғымыз­ды нығайта түседі.

Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-ака­де­мия­лық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын. Бұл универси­тетке қажетті қаржылай және бас­қа да жәрдем көрсетіледі. Бә­рі­міз де жаңа ғана Түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болдық. Осы баста­маға көрсеткен қолдауларыңыз үшін Сіздерге алғысымыз зор, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң Қазақстан Пре­зиденті Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы ор­талық құруды жоспарлап отыр­ғанын жеткізді. Онда дала халық­тарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттерді осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырды. 

– Келесі маңызды мәселе. Тех­­­­нологиялық даму және гу­ма­ни­тарлық ықпалдастық дәуі­рін­де түркі тілдеріне ортақ терми­но­ло­гиялық негіз қалыптастыру қа­жет. Жақында Түркі Ака­де­миясы ағыл­шын, орыс және түркі тіл­де­рінде сегіз томдық терми­ноло­гия­лық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге кел­тіруге және ортақ ғылым кеңіс­­­­тігін нығайтуға ықпал етпек. Осы орайда Кеңеске мүше ел­дер­дің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғы­лыми сарапшылары кіретін Мем­лекетаралық тер­мино­ло­гия­лық комиссия құруды ұсы­на-мын, – деді Мемлекет басшысы.

Бағыты айқын бастамалар

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі. Бүгінде Ұйымға халық­аралық қауымдастық сенім біл­діріп отыр. Абырой-беделі де ар­тып келеді. Осы орайда Президент Қазақстан Ресейдің «Алтай – түр­кі өркениетінің бесігі» жобасына оң көзқарасын білдіргенін айтты. 

– Бұған қоса, біз «Алтай сұхбат алаңы (диалогы)» форумын құру жөніндегі ұсынысымызды жария­ладық. Еліміз Түркияның ынты­мақ­­тастық аясын кеңейтуге ба­ғыт­талған «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру баста­масын қолдады. Осы форматқа қосылуға ниет білдірген мемле­кет­тер мен ұйымдарға қатысты нақ­ты өлшемдер болу қажет деп са­наймын. Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақ­сат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек.

Мысалы, соңғы кезде Ұйы­мы­мызды әскери альянс ретінде си­пат­тайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан он­дай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әле­мінің бірлігін нығайту аса маңыз­­ды, кезек күттірмейтін ба­сым­дық. Түркі мемлекеттері ұйы­мы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас ел­дер­дің сауда-экономикалық, жо­ғары технологиялық, цифрлық жә­не мәдени-гуманитарлық ын­ты­мақ­тастығын нығайтатын біре­гей алаң, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының ай­туын­­­ша, мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, се­бе­бі, бұл ұлттық мүдде тұрғы­сынан да тиімді екені анық. «Алтау ала бол­са, ауыздағы кетеді, төртеу тү­гел болса, төбедегі келеді» деген ата­лы сөз – бәріне ортақ. 

– Түркі әлемі әрдайым тату бо­лып, алға қойған мақсатынан ауыт­қымай, бірлесе дами беруі ке­рек. Сондықтан бүгінгі басқосу та­мыры бір, тарихы ортақ елде­рі­міздің ауызбіршілігін арттыра тү­сері сөзсіз.

Аса құрметті президенттер! Қа­дірлі жиынға қатысушылар! Бауырластық пен достық негізінде құрылған Ұйымының қызметі жыл өткен сайын жанданып ке­леді. Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйы­мы ортақ бастамалар көте­рі­ліп, өзара қолдау табатын тең­дес­сіз сұхбат алаңы ретінде қалып­тасты. Мен осы тұста баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін.

Бұл басқосуда қабылданған ше­шімдер Түркі елдерін одан әрі қар­қынды дамытуға ықпал етері­не кәміл сенемін. Түбі бір түркі жұр­­­­тының бірлігі нығайып, бере­кесі арта берсін! Осымен бейресми саммит отырысын жабық деп жа­риялаймын. Баршаңызға көп рақ­мет, – деп қорытындылады Пре­зидент сөзін. 

Шаһар көркейіп келеді

Басқосудан кейін Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Пре­зиденті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев түркі дүниесінің әйгілі рухани және тарихи-мәдени киелі орындарының бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне ен­ген Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сіне барды.

Мемлекеттер басшылары ұлы ғұла­ма, әулие Қожа Ахмет Ясауи мен кесене аумағында жерленген басқа да белгілі тарихи тұлғалар­дың рухына зиярат етті.

Президенттерге кесененің XIV ға­сыр соңында Әмір Темірдің бұй­рығымен салынғаны, көлемі жа­ғы­нан әртүрлі 35 бөлмеден тұра­ты­ны жөнінде ақпарат берілді. Ғи­мараттың ішкі биіктігі 39 метр­ді, ал сыртқы биіктік өлшемі 41 метрді құрайды. Мәртебелі мей­ман­дар қабірхананы, орталық бөл­меде орналасқан қазандықты, тай­қазанды және қола лауханы аралап көрді.

Сондай-ақ экспозицияда түр­кі-ислам әлемінің белгілі ой­шыл­дары мен шайырларының еңбек­те­рінен тұратын 45 кітап қойыл­ған. Олардың арасында Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет», Ни­за­мидің «Хамса», Науаидің ғазал­дары, Бақыр­ғанидың шығар­ма­лары, Фирдоу­сидің «Шахнама», Фи­зулидің «Ләйлі мен Мәжнүн» дас­таны, соны­мен бірге «Манас» жы­­­рының үзінділері және басқа да сирек кездесетін туындылар бар.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйлады.

Бұдан соң Түркі мемлекеттері ұйы­мына мүше елдердің басшы­лары Turkistan визит-орталы­ғы­ның жұмысымен танысты.

Мемлекеттер басшылары XIV-XV ғасырларға тиесілі сирек жә­ді­герлер көрмесін тамашалады. Ол Қо­жа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен кесененің тарихынан сыр шертеді. Соның ішінде XIV ғасыр­дан бері сақталған қабірхана­ның ағаш есігі бар. Есік сүйекпен, қаңыл­тырмен және алтын жала­тыл­ған жазулармен безендірілген. Сондай-ақ куфа мен сулус үлгі­сіндегі араб мәтінімен өрнек­телген.

Мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған қола шырағдандар, XV ғасырға тән аспалы қола кәндилдер мен айда­һар бейнесінде нақышталған қос құлақты шамдар көрсетілді. Көр­менің ерекше сәулеттік эле­мен­ті – кесене күмбезінің ұшар ба­сында орналасқан көне кубба (мыстан жасалған).

Залдағы аса құнды жәдігердің бірі – XVIII-XIX ғасырларға жата­тын Қожа Ахмет Ясауи құлпыта­сы­ның қабіржапқышы. Оның бе­­дерлі ою-өрнектері діни сим­­во­л­изм­ді, геометриялық ком­пози­ция­ны, каллиграфияны ұштас­тыра­ды. Орталық Азиядағы ислам мә­дениетінде қабіржапқыш руха­ни құрметтің белгісі саналады.

Осыдан кейін Түркістанда Түр­кі өркениеті орталығы бой кө­­теретіні мәлім болды. Түркі мем­­лекеттері ұйымына мүше ел­дер басшылары жаңа орталық­тың қазығын қағып, іргетасын қалады.

Кешеннің негізгі идеясы – түр­кітілдес халықтарды әлем та­ри­хында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәс­түрі қалыптасқан ұлы өркениет ре­тінде дәріптеу. Мұнда ортақ тари­хи мұраны ғылыми тұрғыдан зер­делеуге, жүйелеуге, мәдени ту­ризм мен халықаралық ынты­мақ­тастықты дамытуға айрықша мән берілмек.

Орталықтың архитектуралық ше­шімі ерекше символикалық мән­ге ие. Кеңістікте түркі дүние­та­нымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді. Ал мазмұндық құры­лы­мы жағынан экспозициялар бір­неше тақырыптық аймақтарға бө­лінеді. Көрермендер тарихи оқи­ғаларды терең сезіну үшін вир­туалды және толықтырылған шы­найылық (VR, AR), голо­гра­фия, жасанды интеллект, им­мер­сив­ті дыбыс пен жарық секілді озық технологиялар қолданы­лады.

Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйы­мына мүше елдердің басшы­ла­рына GovТeсh цифрлық ше­шім­­дері таныстырылды.

Премьер-министрдің орын­ба­сары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жа­слан Мәдиев мәртебелі мей­мандарға еліміз ЖИ-ді стратегия­лық ба­сым­дық ретінде қарас­тыра­тынын баян­дады. Бұл орайда ин­фрақұры­лым­ды, адами капи­талды және ин­новациялық өнім­дерді дамыту арқылы толық эко­жүйе құрылмақ.

Бүгінде Қазақстанда Starlink жә­не OneWeb компанияларының жер­серіктік байланыс техно­ло­гиялары белсенді түрде енгі­зілуде. Транскаспий талшықты-оптика­лық байланыс желісін тарту елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.

Есептеуіш қуатын арттыру бұл са­ладағы маңызды қадамға ай­налды. Аймақтағы ең ірі супер­компьютерлер іске қосылды. Енді «Деректерді өңдеу орталық­тары­ның алқабы» атты ауқымды жоба қолға алынбақ. Қуаттылығы 1 ГВт-тан асатын хаб AI-есеп­теу­лер­ді ұсынуға негізделген эко­но­миканың жаңа экспорттық мо­де­лінің іргесін қалайды.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ынтымақтастығы ға­рыш саласында да нәтиже беру­де. Еліміз Өзбекстан, Түркия жә­не Әзербайжан мемлекет­терімен бір­лесіп, CubeSat ғылыми жер­ се­­рі­­­гін әзірлеп жатыр. Оны ға­рыш­қа ке­лесі жылы ұшыру жос­парланған.

Жасанды интеллект мемле­кеттік басқару жүйесінде кеңінен қолданылуда. eGov AI ассистенті, AlemGPT платформасы секілді шешімдер мемлекеттік қызмет­терді анағұрлым жетілдіре түседі.

Қазақстанда мектептер мен TUMO орталықтарынан бастап, ар­наулы AI Research универ­ситет­терде жалғасатын үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасып келеді.

Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мамандар мен стартаптар тоғысатын орынға ай­нала алады. Онда зерттеу жұ­мыстарынан жаңа өнімді қол­да­нысқа енгізуге дейінгі толық цикл жүзеге асырылады.

Президенттерге көлік-логис­тика кешенін цифрландыру жұ­мыс­тары таныстырылды. Салаға жасанды интеллектіні енгізу үде­рістерді жеңілдетуге, кедергілерді азайтуға және өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға жол ашады.

Бұған дейін Қазақстан Ци­фр­лық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру жө­нінде бастама көтергені белгілі. ТМҰ-ға мүше елдер бұл ұсынысқа қол­дау білдірді. Соның нәтиже­сін­де Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұ­хи­ты аймағына арналған Эконо­ми­ка­лық және әлеуметтік комиссия­сының 82-сессиясында ор­та­­лық­ты Алматы қаласында ашу туралы қа­рар қабылданды. Қазақстан та­рапы өз бастамасын қуатта-ғаны үшін серіктестеріне алғыс айтты.