Таразда жолда апаттық жағдай тудырған жүргізуші 3 тәулікке қамалды

Таразда жолда апаттық жағдай тудырған куәлігі жоқ жүргізуші 3 тәулікке қамалды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс орталығы аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, ауыр жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін жүргізушіні анықтады.

Мемлекеттік нөмірі тағылмаған ВАЗ-2114 автокөлігі Жамбыл даңғылы бойында қарама-қарсы бағытқа шығып, екі жолақты сызықты кесіп өткені үшін тоқтатылмақ болған. Алайда жүргізуші полицияның заңды талабына бағынбай, жылдамдықты арттырып, бірнеше көшеде бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп, жол ережелерін бұзуды жалғастырды.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде тоқтатылған құқық бұзушының жүргізу куәлігі де жоқ екендігі анықталды.

19 жастағы ер адамға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің түрлі баптары бойынша 18 хаттама толтырылды. Сондай-ақ мамандандырылған сот шешімімен ол 3 тәулікке қамауға алынды.