СҚО полицейлері заңсыз аң аулаған азаматты ұстады

СҚО-да полицейлер қылмыс орнында браконьерді анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

М.Жұмабаев ауданының полиция бөліміне орманда оқ атулар туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік инспекторлар Гаврино ауылының маңындағы орман алқабынан иесіз қалған нөмірлері жоқ Урал мотоциклін және браконьер бөлшектеп үлгермей, ағашқа ілінген елікті тауып алды. Мотоциклдің жүк салғышында 12 калибрлі 10 патрон болған. Қаскүнемнің өзі қызметтік автокөлікті көріп қашып кеткен.

– Қылмысты ашуға аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 40 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны анықталды. Күдіктіден тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленді. Қазіргі уақытта заңсыз аң аулау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды – деді полиция бөлімі бастығының м.а. Жанат Рахметов.

Қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес күдікті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң аулаудың 6 фактісі тіркелді.