СҚО-да полицейлер заңсыз вейп саудасының жолын кесті

СҚО-да полицейлер заңсыз вейп саудасының жолын кесті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне никотинді электрондық тұтыну жүйелерін (вейп) Telegram мессенджерінде заңсыз сатылып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктіні анықтады. Ол Петропавл қаласының 29 жастағы тұрғыны болып шықты.

Жедел уәкілдер ұстау кезінде оның машинасы мен пәтерінен жалпы сомасы 1 100 000 теңге болатын 118 бірлік заңсыз өнімдерді анықтады. Басқа адамдардың осы іске қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Полицейлер шегілмейтін темекі өнімдерінің, никотинді электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымына үстіміздегі жылдың маусым айынан тыйым салынғанын ескертеді.

Жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты заңмен 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлдан бастап 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына дейінгі жаза көзделген.