Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтті. Полицейлер балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға ерекше көңіл бөледі, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Велосипедтер, трюкті және электрлі самокаттар – екі дөңгелекті көліктің мұндай түрлері жазда облыс орталығының балалары мен жастары арасында кеңінен танымал. Полицияның профилактикалық рейдтерінің қорытындысы балалардың бәрі де жол қозғалысы ережелерін сақтамайтынын көрсетеді. Бұл әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдерін кесіп өткен кезде байқалады. Көптеген жасөспірімдер жаяу жүргіншілер жолағын жаяу жүріп өтуді елемей, жүйткіп өтіп жатады. Патрульдік полицейлер скутерлер мен велосипедтердің жас әуесқойларына мұндай маневрлердің қауіптілігі мен жауапкершілігін жеке түсіндіруде.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілер, соның ішінде ересектер арасында жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұзушылықтың дәл осы түрі әдетте жиі тіркеледі. Тек облыс орталығының өзінде ғана бір күн ішінде белгіленбеген жерлерден өтудің ондаған фактісі тіркеледі. Балалар санасыз түрде үлкендерден үлгі алады, сондықтан да ең алдымен ересектер ережені бұзбаулары керек, өйткені жол қателіктерді кешірмейді.
Петропавл қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің кезекті профилактикалық рейді барысында скутер мен велосипедтерді ұнататын жас әуесқойлар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс қала орталығының қиылысындағы Қазақстан Конституциясы көшесі бойында, Жұмысшы кентінде және айналма тас жолында жүргізілді. Балаларға және олардың ата-аналарына жол қозғалысы ережелері, жолдардағы қауіпсіздіктің негізгі шаралары туралы еске салып, жадынамалар таратылды. Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу бойынша мақсатты жұмыс жалғасып жатыр.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 40 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан бір бала қаза тауып, 46-сы түрлі дене жарақаттарын алды.