Президент дарынды жастарды марапаттады

Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ олар­дың ұстаздары мен тәлімгерлері ша­қы­рыл­ды. Физика, химия, биология, математика, ин­­форматика, география және лингвистика пән­де­рінен беделді білім сайысында топ жарған жеңім­паздардың алтауы – алтын медаль, он бірі – күміс, төртеуі – қола медаль иегерлері.

Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңі­сімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын біл­дірді.

– Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушы­лары­мен бәсекеге түсіп, беделді білім дода­ларын­да топ жардыңыздар. Көк Туымызды биік­ке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арт­тыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақ­­тан тұтамыз. Қазақстанның жарқын бо­лашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жас­тар­дың қолында. Мен Мемлекет басшысы ре­тінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіз­дер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар! – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев табанды еңбек, үз­діксіз ізденумен жеңіп алған әр медальдің ба­ғасы қымбат, маңызы зор екенін атап өтті.

– Сағаттап оқу, айлар бойы дайындық жүр­гізу, жылдар бойы биік мақсатқа ұмтылу үшін, ең алдымен, қажырлы қайрат пен мықты күш-жігер керек. Ұлы Абай да «Үш-ақ нәрсе адам­ның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жү­рек» деп өсиет айтты. Сіздер әрқайсыңыз көп ұзамай білікті инженер, көрнекті ғалым, мықты ма­ман боласыздар. Жаңа технологияларды ой­лап тауып, еліміздің өркендеуіне, әлемнің да­муы­на ықпал ететін жаңалық ашасыздар. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақ­стан – нағыз дарынды жастардың елі. Ұл-қыз­дары­мыз барлық бағытта, әсіресе білім са­ла­сын­да үздіктер қатарынан көрініп келеді.

– Биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олим­пиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мың­нан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы – алтын медаль. Мұны тамаша же­тіс­тік деуге болады. Осы тұста халықаралық фи­зика олимпиадасында керемет өнер көр­сеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Бе­делді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бе­сеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жал­пы, біз барлық бағыт бойынша осындай үз­дік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жас­тарының әлеуеті оған толық жетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір еліміз тарихи өрлеу кезеңіне қа­дам басқанына назар аударды.

– Біз бір ел, бір халық болып ауқымды ре­фор­­­маларды жүзеге асырдық. Жаңа Конс­ти­туция­мызды қабылдадық. Еліміздің бас құжа­тын­да ғылым мен білімге, инновацияға басым­дық бердік. Ең бастысы, жаңа Конс­ти­туция өс­­­­келең ұрпақтың игілігі үшін жазылды. Кеше ғана тарихымызда тұңғыш рет Құрылтай сай­лауы өтті. Бұл сайлау сәтті, мінсіз ұйым­дас­ты­рыл­ды деп айтсақ, қате болмас. Осы мүмкіндікті пай­даланып, бүкіл халқымызға азаматтық ке­мелдік танытып, жаңару стратегиямызды қол­да­ғаны үшін мың да бір алғысымды айтамын. Сай­лау кезінде бір топ байқаушылар, соның ішін­де халықаралық байқаушылар өте тиімді жұ­мыс істеді. Оларға да зор ризашылығымды біл­діремін. Сондай-ақ Орталық сайлау ко­мис­сиясының мүшелеріне рахметімді айтамын. Олар өте табанды қызмет атқарды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент мемлекет тарапынан бар­ша дарынды жастарға әрдайым қолдау көр­сетілетінін, жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барынша жағдай жа­са­латынын жеткізді.

– Әлем тез өзгеріп жатқаны сон­ша­лық, таяу келешекте не боларын ешкім тап басып айта ал­майды. Бірақ білімге құш­тарлық, өз күшіңе сену, табанды ең­бек кез келген уақытта табысқа жете­лей­тінін ұмытпауы­мыз керек. Келешек ту­ра­лы бір нәрсені сеніммен айтуға болады – түбі адам ка­питалын дамытуға және жаңа технологияларды экономика мен қоғам­ның бар­лық саласына енгізуге баса мән берген елдер озады. Қазақ­стан­ның қар­қынды дамуын қамтамасыз ету үшін биыл «Цифрландыру және жасанды ин­теллект жылы» деп жарияланды. Сіз­дер, талантты жастар осы жасампаз үде­ріс­тердің алдыңғы шебінде жүресіздер. Қазақстан жастары Сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Білім мен ғылым, ин­но­ва­ция мен озық технология – бү­гінгі дәуірдің бас­ты қаруы. Жаһандық бә­секеде білімді, зият­кер елдер ғана алға шығады. Сондықтан мен сіз­дерді «Қа­зіргі заманның нағыз батырлары» деп санаймын. Мен қазақ жас­тары­ның отан­шыл, бі­лімпаз, еңбекқор болғанын қа­лай­мын. Олар елге жанашыр, табиғат­қа қам­қор, нағыз адал аза­мат болуын тілей­мін. Атап айтқанда, ерік­тілер­­дің еңбегін жоғары бағалаймын, қолдай-мын. Мен жас­тарға сенемін! – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұр­пақтың та­лан­тын шыңдап, білім берген ұстаздар қауы­мына алғыс айтты.

– Қазір біздің ортамызда саналы ұр­пақ тәр­бие­леп, оларды үздіктер қатарына қос­қан ұла­ғат­ты ұс­таз­дар отыр. Сіздердің ерен еңбектеріңіз зор құр­мет­ке лайық. Қа­білетті балаларды оқы­тып, оларды ха­­лық­аралық жарыстарға даярлайтын педагогтарға шынайы ризашы­лы­ғымды білдіремін. Бұл – ең ізгі іс. Сіздердің ең­­бек­теріңізді мемлекет міндетті түрде ес­­кереді. Үкімет пен өңір басшыларына осындай тап­сырма беріледі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы салтанатты рә­сімде ха­лық­аралық пән олимпиада­ларын­да алтын, күміс және қола медаль ие­ленген оқушылар мен студент­терге сәй­кесінше 1500, 1000 және 500 айлық есеп­тік көрсеткіш кө­лемінде қаржылай сыйақысы бар сертификаттарды та­быстады.

Ал шәкірттері беделді халықаралық жа­рыста топ жар­ған ұстаздар мен тәлім­гер­лер жоғары мем­лекеттік наградалар­мен марапатталды. Атап айт­қанда, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жар­лы­ғымен білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Рес­публи­касына сіңірген айрықша ең­бегі үшін Астана қала­сындағы Назарбаев зият­кер­лік мектебінің мұға­лімі Мейрам­гүл Кенжехановаға, Алматы қала­сындағы №134 лицей мұғалімі Ирина Нес­терен­коға – «Құрмет» ордені, Edlight Academy әдіс­­кері Жанболат Жолгелдиевке, Қара­ғанды қала­сындағы Назарбаев зият­кер­лік мектебінің мұғалімі Қар­лығаш Жол­дыбаеваға, Haileybury Almaty мек­тебінің мұғалімі Владимир Жукке, Өс­кемен қа­ласы Білім-инновация лицейінің мұға­­лімі Айгүл Сейіт­дәу­летке – «Ерен ең­бегі үшін» медалі, Қызылорда қала­сын­дағы Білім-инно­вация лицей-ин­тер­наты­ның мұғалімі Батыр Жарқынға, Тал­дықорған қаласындағы №24 лицей мұ­ғалімі Меруерт Абаеваға, Павлодар қа­ласындағы Білім-инновация лицей-ин­тер­на­тының мұғалімі Олжас Әмзеев­ке, Алматы қала­­сындағы Республикалық физика-математика мек­­тебінің мұғалімі Бақыт Мамышевке «Шапа­ғат» медалі берілді.