2025 жылдың екі айында Ішкі істер министрлігі еліміздің құқық қорғау органдарымен іздеуде жүрген 311 күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның ішінде: кісі өлтіргені үшін – 7 адам; қарақшылық шабуыл жасағаны үшін – 1 адам; денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін – 6 адам; тонау жасағаны үшін – 7 адам; бопсалау қылмысы үшін – 1 адам; ұрлық үшін – 75 адам; есірткімен байланысты қылмыстар үшін 10 адам құрықталды. Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткен 145 адамның жүрген жері анықталды.
Қазақстан полицейлері ТМД және алыс шет елдер үшін 85 қылмыскерді ұстады.
Спикердің сөзінше, шетелдік әріптестермен тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде, соның нәтижесінде республикадан тыс жерлерде іздеуде болған 21 адам анықталып, ұсталды.
– Польшадағы Варшава әуежайында ер адам ұсталды. Ол 2014 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарын алдап, бір миллиондай АҚШ долларын қолды еткен. Түркия Республикасының Анталья қаласында 39 жастағы әйел ұсталды. Ол да алматылық тұрғындарды алдап, 146 мың АҚШ доллар алған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деді полиция полковнигі.