Петропавл тұрғыны “банктен шалынған қоңырауға” сеніп, 5 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық полиция басқармасының бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері сауда үйлерінде жадынамалар таратып, адамдарға алдаудың негізгі схемаларын түсіндіреді.
Алаяқтар белсенді жұмыс істей бастады. Тек жыл басынан бері бірінші полиция бөлімінің аумағында ғана желілік алаяқтықтың 30 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Қылмыскерлер “банктен қоңырау шалу”, “полиция қызметкерлері болып таныстыру” сияқты схемаларды белсенді қолданады. Соңғы кезде ұялы байланыс операторының қоңырауы сынды жаңа алдау сценариі пайда болды. Олардың барлығы адамды қорқытып, оны үлкен несие алуға көндіруге және ақшаны белгілі бір бөлігін “қауіпсіз шотқа” аударуға – іс жүзінде алаяқтардың қолына түсіруге бағытталған. Дәл осылайша бірінші полиция бөлімі аумағында тұратын петропавлдықтардың бірі 5 миллион теңгеге алданып қалған.
– Егер біреулер сіздің шотыңызға қол сұғушылық жасалуда, ұялы байланыс нөмірі өшірілуі мүмкін немесе мүлікке тыйым салумен қорқытатын болса, абдырамаңыз. Хабарланған ақпаратты ресми арналар арқылы қайта тексеріңіз. Қоңырау шалушыдан оның қалалық нөмірін сұрап, ақпаратты ұйымның ресми телефоны арқылы хабарласып тексеруге болады. Алаяқтар қалалық нөмір бермейді. Күдікті қоңырауды алған соң, сөйлесуді тоқтатып, “102” арнасына қоңырау шалыңыз, – дейді бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.
Қандай жағдай болсын нөмірлерді, PIN-кодтарды және банк карталарының cvv-кодтарын, sms арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеңіз. Үшінші тұлғалардың қысымымен телефондарға қашықтан қатынауға мүмкіндік беретін AnyDesk, TeamViewer және басқа осы сияқты бағдарламаларды орнатпаңыз. Олар қылмыскерлерге сіздің құрылғыңызды басқаруға және сіздің атыңыздан операциялар жасауға мүмкіндік береді.
Бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды күнделікті жүргізеді.