Павлодарда тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген 186 азаматқа әкімшілік шара қолданылды

Павлодарда биыл тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген 186 азаматқа әкімшілік шара қолданылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес, ішкі көшіп-қонушылар тұрғылықты жері мен уақытша болатын (тұратын) жері бойынша ішкі істер органдары белгілеген тәртіппен тіркелуге міндетті. Бұл туралы Павлодар облысының полиция департаменті тұрғындардың есіне салады.

Азаматтар «Қазақстан Республикасы халқының тұрғылықты жері бойынша тіркеу» мемлекеттік қызметін онлайн немесе «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жүгіну арқылы ала алады.

Павлодар облысының тұрғындарынан заң талаптарын сақтауды, нақты тұрғылықты жері бойынша тіркелуді сұрайды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында тіркелмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 492-бабына сәйкес, азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеусіз тұруы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Биылғы жылы көші-қон қызметінің қызметкерлері тұрғылықты жері бойынша тіркелмегені үшін 186 азаматқа әкімшілік шара қолданды. Нәтижесінде, жалпы сомасы 1 305 122 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Заңға бағыну – әр азаматтың парызы! Еліміздің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін сақтау үшін тұрғылықты жер бойынша уақытылы тіркеліңіз.