Павлодарда микроқаржы ұйымдарына 2,5 млн теңге қарыз тұрғынның көлігі айыптұраққа қойылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Автокөлік – бұл белгілі бір құқық бұзушылықтар кезінде сот орындаушылары сот шешімімен қамауға алуы мүмкін мүлік. Қамауға алудың ең көп тараған себептеріне түрлі салықтарды, есептелген айыппұлдарды, алименттерді қасақана төлемеу, банктер алдындағы өтелмеген берешек жатады. Сонымен рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Павлодар қаласы ПБ-ның қызметкерлері прокуратурамен және жеке сот орындаушыларымен бірлесіп, Н. Назарбаев даңғылы 75-үйдің жанында 2,5 миллион теңге көлемінде несие төлемегені үшін тұраққа қойылған Mercedes-Benz көлігін тоқтатты. Көлік иесінің микроқаржы ұйымына берешегі бар. Аталған көлік “Қорғау” бағдарламасы арқылы анықталды.
Бүгінгі таңда автокөлік иесі қарызды толық төлеп, көлігін айыппұл тұрағынан алып кетті. Жүргізушімен құқықтық тәртіп сақшылары әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, “Қорғау” жүйесі көлік ағынында қауіпті жүргізушілерді, көлігі іздеуде жүрген, жүргізуші құқығынан айырылған жалған нөмірлерді және техникалық байқаудан өтпеген көлікті жылдам анықтауға мүмкіндік береді.