ЖИ жұмысты жылдам әрі тиімді атқарады. Бірақ студент сол жұмысты өзі орындай алмаса, кәсіби құзыреті жоғары, тәжірибелі маманды қайдан аламыз? Жапондық Financial Times басылымының талдауына сүйенген Aikyn.kz заңгерлерді даярлаудағы жаңа парадоксты түсіндіреді.
Жаңа оқу жылынан бастап Чикаго университетінің заң мектебі бірінші курс студенттерінің негізгі сабақтарында смартфон, планшет пен ноутбук пайдалануға тыйым салды. Оқу орны технологиялық құралдар интеллектуалдық дамуға кедергі келтіреді деп санайды.
«Мәселе жұмысты қиын жолмен орындауда. Өйткені адам дәл осылай үйренеді», – дейді заң факультетінің Жасанды интеллект жөніндегі комитетінің төрағасы Уильям Хаббард.
Чикагода заңгерлерді даярлауда дәстүрлі «сократтық әдіс» қолданылады. Студенттер профессор мен курстастарының алдында нақты уақыт режимінде сот істері мен құқықтық қағидаларды талқылап, сұрақтарға өз бетінше жауап береді. Хаббардтың пікірінше, ЖИ осы интеллектуалдық жаттығуды айналып өтуге көмектеседі. Бірақ университет жасанды интеллект құралдарына толық тыйым салмайды. Заң мектебінің деканы Адам Чилтон студенттердің бәрібір ЖИ қолданатынын мойындайды.
«Біз студенттер ЖИ-ді пайдаланады деген ұстанымды растаймыз. Одан бас тартудың орнына оқу бағдарламасын осы шындыққа қалай бейімдейміз?» – дейді ол.
Сондықтан студенттер «ЖИ көмегімен, ЖИ-сіз және ЖИ туралы» білім алуы тиіс. Мысалы, аудиториядан тыс уақытта идея іздеу, заң клиникаларында жұмыс істеу немесе жасанды интеллект үшін дайындалған арнайы сабақтарда технологияны пайдалануға рұқсат беріледі.Калифорния университетінің Беркли заң мектебі бұдан да қатаң саясат енгізген. Студенттер бағаланатын жұмыстарын әзірлеу кезінде генеративті ЖИ-ді идея қалыптастыруға, жоспар құруға, мәтін жазуға, өңдеуге немесе аударуға пайдалана алмайды.
«Студент жұмыс тапсырғанда, әдепкі жағдайда ол Claude-тың жұмысы болмауы керек. Егер ЖИ олардың орнына ойлап, жазатын болса, біз студентке дұрыс білім беріп жатқан жоқпыз», – дейді заң мектебінің деканы Эрвин Чемеринский.
Заң саласында ЖИ-ді оқыту құралы ретінде қолдайтындар да бар екенін айту керек. Mayer Brown заң фирмасының серіктесі Кил Боуэннің пікірінше, кей жағдайда жасанды интеллект жас маманға тәжірибелі әріптестен де өзгеше көзқарас ұсына алады. Себебі адамның кәсіби тәжірибесі кейде оның мәселені басқа қырынан көруіне кедергі келтіреді.
Хаббард болса, заңгерлік қызметтің технология алмастыра алмайтын адами қыры бар екенін айтады.
«Заң тәжірибесінің кітапта жазылғанға емес, адамның жүрегі мен жан дүниесіне байланысты маңызды тұстары бар. Қиын жағдайға тап болған адам оны қолдайтын және ол үшін күресетін біреудің бар екенін біледі», – дейді ол.
Бүгінгі университеттердің алдында ЖИ-ге тыйым салудан басқа күрделірек міндет тұр. Олар студенттерге заманауи технологияны тиімді пайдалануға үйретумен қатар, сол технологиясыз ойлау, дәлелдеу және шешім қабылдау қабілетін де сақтап қалуға күш салуда.









