Жеке сот орындаушысы жарты миллионнан астам қаражатты иемденген

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуратурасы жеке сот орындаушысының берешекті өтеуге арналған 556 953 теңгені иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы сотының шешімімен борышкер «С» өндіріп алушы «Б»-ға 1 275 000 теңге қаражатын өндіріп беруге міндетті болған.

Белгіленген қаражат борышкердің айлық жалақысынан ай сайын өндіріліп, жеке сот орындаушысының есеп шотына аударылып отырған.

Ол өз кезегінде қаражаттарды өз қажеттілігіне жаратқан.

 Қылмыстық кодекстің 251-бабының 1-бөлігімен (Жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс iстейтiн аудиторлардың өкiлеттiктердi терiс пайдалануы) басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру 15.05.2024ж. тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.

Жосықсыз жеке сот орындаушысы Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының мүшелігінен шығарылды.