Елордада интернет клубтан екі телефон ұрлаған күдікті құрықталды

Елордада тәртіп сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасының нәтижесінде қаланың интернет клубтарының бірінде ұрлық жасаған 39 жастағы азаматты ұстаған, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Күдіктінің интернет клубқа клиент ретінде келгені анықталды. Кейін ол әкімшінің ұйықтап отырғанын пайдаланып, оның үстелінен екі Redmi Note телефонын алып, білдіртпей интернет клубтан шығып кеткен. Жәбірленуші шығынды 150 мың теңгеге бағалады.

Қылмыс бейнебақылау көмегімен ашылды. Полиция қызметкерлері күдіктіні өз үйінен ұстады.

Күдікті азамат ұрланған заттың біреуін иесіне қайтарып берді, ал екіншісін сатып үлгерген.

Ұсталған азамат істеген ісін толық мойындады. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.