Елордада 5 күн ішінде 19 мас жүргізуші жауапқа тартылды

Елордада “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасының 5 күнінде 19 мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Апаттылықты азайту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында елордалық полиция жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жандандырды.

Сағат 05:00-де патрульдік полиция полкінің инспекторлары Республика даңғылында елорданың 25 жастағы тұрғыны басқарған Mercedes автокөлігін тоқтатты.

Белгілі болғандай, жігіт әкесінің үйде жоқ екенін пайдаланып, оның көлігінің кілтін алып, досына барған және бірге ішімдік ішкен. Отырыстан кейін, астаналық азамат үйіне қайтпақшы болып мас күйде және көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра көлікке отырған.

Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша, жүргізушіде жеңіл дәрежедегі мас болу анықталды.

Ер адамға қатысты көлік құралын басқаруға құқығы жоқ тұлғаның көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Жиналған материалдар сотқа жіберілді. Нәтижесінде мас күйде көлік жүргізген жүргізуші сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, көлік айыппұл тұрағына қойылды.