Ел мерейін асыратын жетістік

Мемлекет басшысы сөзінде елі­міз цифрлық даму тұрғысынан стра­тегиялық таңдау жасағанына тоқ­талды.

– Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап тұр. Біз бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жа­тырмыз. Мұнда жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді.

Былтырғы Жолдауымда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. 2026 жылды Цифрлан­дыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау да – осы стратегиялық бағдарды жүзеге асыруға бағытталған қадам. Бұдан бөлек, инновацияға иек артатын ел дамуының негізгі бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында анық көр­сетілген. Бұл – барлық үдерістің басы ғана, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз сапалы білімге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударатынын айтты.

– Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша олимпиададан Қазақстан оқушылары үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Ел мерейін асыратын бұл жетістік жастарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетінің зор екенін көрсетеді. Орайлы сәтті пайдалана отырып, талантты өрендерімізге бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың ха­лық­­аралық қауымдастығының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.

– Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп, осы маңызды шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

Салтанатты рәсімде Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Ли Кай Фу, Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада кеңесінің төрағасы Елена Маринова, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин, Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе және Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов сөз сөйледі.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы халықаралық олимпиаданың құрылымымен, байқау тапсырмаларымен және автономды роботтың мүмкіндік­терімен танысты.

Астана қаласында 2-8 тамыз ара­лығын­да өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 106 елден келген 500-ден астам дарынды оқушы қатысуда. Олар ЖИ үлгілерін әзірлеу және автоматты роботтарды бағдарламалау сайыстарында бақ сынайды.