Екі әйел 16 жастағы жасөспірімді қорлады деген күдікке ілінді

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы облысында екі әйелдің кәмелеттік жасқа толмаған баланы ұрлап әкеткені туралы ақпарат тарады. Жасөспірімді азаптап, жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, бопсалағаны туралы айтылған, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

“Әйелдер қызды ұрып-соғып, денесіне темекі шоғын басып, өзенге батырып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасап, қол-аяғын сүюге мәжбүрлеген және осының барлығын видеоға түсірген. Сондай-ақ олар бұл видеоны таратпау үшін үш миллион теңге талап еткен”, – делінген ақпаратта.

Алматы облысының Полиция департаменті бұл деректі растап, күдіктінің ұсталып, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

“Полиция кәмелетке толмаған балаға қатысты дене жарақатын келтіру және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Екі күдікті әйел де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп хабарлады ведомство.