Қызылорда облысында жыл басынан бері 182 алаяқтық тіркелсе, оның 52-сі – интернет алаяқтық қылмысы , – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Баймағанов интернет-алаяқтарының алдын алу шаралары туралы ақпаратымен бөлісті.
– Қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы жасалатын қылмысты болдырмау, оларды ашу бағытында Қызылорда қалалық полиция басқармасында тұрақты “CyberPol” жедел тергеу тобымен жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Алаяқтықты жасаудың негізгі және басты себептері азаматтардың сенгіштігі болып отыр. Осындай қылмысты ашу және тергеуде біршама қиындық кездеседі. Өйткені, қылмыскер үшінші адамға тіркелген әртүрлі банк карталарды, сондай-ақ әртүрлі абоненттік нөмірлерді, ақша шешіп алу үшін жалған адамдарды пайдаланады. Аталған қылмысты ашу үшін заң жүзінде алынған деректерді мұқият талдау қажет және бұл нақты ұзақ уақытты талап етеді. Бүгінде интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмысының алдын алу, болдырмау бағытында біршама іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыстың тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы, қандай сақтық шараларын сақтау керектігі де түсіндіріліп жатыр. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін тұрғындар сақтық шаралары ретінде жеке деректерін қатаң сақтауы керек. Оған қоса өзіне тиесілі пластикалық карталардың мәліметтерін, SMS-кодтар мен құпия сөздерді ешкімге айтпауға және белгісіз әрі тексерілмеген сайттарға төлем жасамауларын сұраймын. Сонымен қатар телефон мен компьютерге TeamViewer, AnyDesk және RustDesk деп аталатын арнайы бағдарламаларды орнатпауға шақырамын, – деді Баймағанов.