Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия көшбасшысын өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің истребителдері Түркия туын бейнелейтін қызыл және ақ түсті жолақтардан із тастап ұшты.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Салтанатты рәсім аяқталған соң президенттер шағын құрамда кездесті.
Қазақстан Президенті Түркия басшысына ілтипат көрсетті.
– Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда, Мемлекет басшысы былтыр Анкараға жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алды.
– Біз Анкарада Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысын өткіздік. Өте маңызды шешімдерге қол жеткіздік. Бүгін Кеңестің алтыншы отырысы болады. Ауқымды бизнес форум өтеді. Өзіңізбен бірге Астанаға үлкен делегация келді. Сондықтан сапарыңыз ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Осылайша, өзара ынтымақтастығымыздың жарқын болашағына зор қадам жасаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Режеп Тайип Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құрметіне алғыс айтты.
– Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін, – деді Түркия Президенті.
Экономикалық әлеует – ортақ мүдде
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді.
Мемлекет басшысы Түркия Қазақстан үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес саналатынын атап өтіп, тамыры терең байланыстар қос халықтың мызғымас достығын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғанын айтты.
– Қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мемлекетаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да жоғары деңгейде. Түрік делегациясының құрамында бір топ депутаттың және партия мүшелерінің болуы – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі елдің экономикалық ынтымақтастығы күшейе түсті. Түркия ірі инвесторларымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық. Бұл мәселе бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қолайлы жағдай жасап, алыс-берісті әртараптандырудың маңызына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны 630 миллион доллардан асады. Бұл ретте Мемлекет басшысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары арасындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес форумының нәтижесі сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдірді.
Кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді. Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асып, 360 миллион долларға жуықтаған. Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крахмал өндірісін, Alarko Holding салып жатқан жылыжай кешенін мысалға келтірді.
Түркия тарапына Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды.
Жиында қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскеніне назар аударылды. Мемлекет басшысы бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне өзге елдердің қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, түрік компанияларын Құрық, Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.
Қазақстан авиация саласындағы ынтымақтастыққа да айрықша мән беріп отыр. Сондықтан Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отырған TAV Airports Holding компаниясының бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік те қарқынды дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі фармацевтика алпауыттары – Abdi İbrahim және Nobel компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын атап өтті. Көп ұзамай Orzax Group компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыттың құрылысын бастайды. YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр.
Екіжақты келіссөздер мен Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайип Ердоған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды.
Қадірлі мейманға құрмет
Мемлекет басшысы Түркия Президентін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті.
– Өзіңіздің көреген бастамаңызбен қолға алынған тиімді реформалардың нәтижесінде Түркия тұрақты өсіп-өркендеу жолына түсті, зор табысқа жетті, ықпалды және қуатты держава атанды. Біз түрік ағайынға әрдайым тілекшіміз, бауырлас елдің әр жетістігіне қуанамыз. Президент Ердоған – жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидатын табанды түрде қорғап жүрген аса көрнекті қайраткер. Сіздің «Әлем бестен үлкен» атты тұжырымдамаңыз баршаға белгілі. Бұл халықаралық қатынастар жүйесіндегі теңсіздікке қарсы айтылған батыл үндеу екені сөзсіз. Сонымен қатар Режеп мырза түркі және ислам өркениетінің ынтымақтастығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарып келеді. Өзіңізді түркі әлемі мойындаған беделді көшбасшы десек, артық болмайды, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның арасында сан ғасырлық тарихи сабақтастық бар екеніне тоқталды.
– Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз – ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының тереңнен тамыр тартатын бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз достық қарым-қатынасымызды нығайтуға, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келесіз. Сол үшін өз атымнан және барша Қазақ елі атынан Сізге зор алғыс айтамын. Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал Түркістан – оның қастерлі қазынасы, рухани астанасы. Киелі шаһар тұтастығымыздың нышаны, төл өркениетіміздің алтын бесігі саналады. Сондықтан біз ертең өз жұмысын бастайтын Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін Түркістан төрінде өткізуді жөн көрдік. Алқалы жиын ағайын елдердің арасын жақындатып, ықпалдастығын күшейте түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Түркия Президентін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип Ердоған бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.
– Мұның символдық мәні өте зор. Бұл марапат – ұлы бабамыз салған рухани бауырластық пен тарихи әділдік жолының жарқын үлгісі. Қадірлі Президент мырза, Сіздің Қазақ еліндегі беделіңіз өте жоғары. Халқымыз Сізді сыйлайды, жақсы көреді, қолдайды. Қадірлі досым, осы жоғары марапатты Сіздің түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға деп қабылдаңыз. Сондай-ақ еліміздің Сізге және түрік жұртына деген шынайы құрметі, зор ризашылығы деп біліңіз. Өзіңізге зор денсаулық, ал барша түрік халқына амандық пен бақ-береке тілеймін! Қазақ-түрік достығы мәңгі болсын! – деді Президент.
Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары бейнебайланыс режимі арқылы Түркияда бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу салтанатына қатысты.
Мәңгілік достық даңғылы
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Мәртебелі Режеп Тайип Ердоғанға шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді.
– Атажұртқа тағы да қош келдіңіздер деймін! Сіздің Қазақстанға ат басын бұрып, мемлекеттік сапармен келуіңіз – біз үшін зор мәртебе. Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар. Сондықтан бұл сапардың мәні де, мазмұны да айрықша. Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі елді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланыстар, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Біз – бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз. Мақсатымыз – бір, бағыт-бағдарымыз – айқын. Ең басты міндет – халықтарымыздың ынтымағын күшейтіп, табысын арттыру. Бүгінде Түркия – әлемде саяси ықпалы зор, экономикасы қуатты, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Бұл Президент Режеп Тайип Ердоғанның арқасы екеніне бүкіл әлем куә, бұған ешкімнің күмәні жоқ. Тағы да атап өту қажет: Түркияның биік белестерге шығып, зор табысқа жетуі оның жоғары басшысының көреген көшбасшылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ мұның түп-тамырында түрік халқының даналығы, еңбекқорлығы, батылдығы мен бірлігі жатыр деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Осы тұста Мемлекет басшысы Түркия еліміздің ірі инвесторларының қатарына кіретінін атап өтті.
– Бүгінге дейін түрік кәсіпкерлері экономикамызға 6 миллиард доллар көлемінде қаражат салды. Қазақстанның да бауырлас мемлекетке салған инвестициясы өсіп, шамамен 2,5 миллиард долларға жетті. Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған серіктестігіміздің кепілі. Сондай-ақ Түркия – еліміздің ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс 8,8 пайызға өсіп, 5 миллиард доллардан асты. Әрине, экономикамыздың әлеуетін ескеретін болсақ, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндік бар. Бүгін біз қатысқалы отырған Қазақстан-Түркия бизнес форумы екі елдің сауда-экономикалық ықпалдастығына тың серпін береді деп сенеміз. Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан түрік компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі стратегиялық жобаларға атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, ақпараттық технологияларды дамыту, экономиканың түрлі саласында озық цифрлық тәсілдерді қолдану – заман талабы.
– Жуырда мен Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Мұны еліміздің болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деуге болады. Нақтырақ айтқанда, біз білім беру жүйесін әрбір оқушының қарым-қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне баса мән беріп отырмыз. Қазақстан жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Бұл бағытта екі ел кәсіпкерлері бірқатар табысты жобаларды жүзеге асырды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Мәртебелі Режеп Тайип Ердоған мырзамен әлемдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты. Бұған қоса, Қазақстан мен Түркияның стратегиялық серіктестігін нығайту – халықтарымыздың ортақ мақсат-мұраты екенін атап өтті.
– Біз тарихи тамыры терең бауырластығымызды келешек ұрпаққа аманат етіп, қазіргі сан-салалы қарым-қатынасымызды нығайта береміз. Бұл қос халықтың алдында тұрған қасиетті парыз деп санаймын. Құрметті Президент мырза! Ардақты бауырым, досым! Өзіңізге және делегация мүшелеріне мазмұнды келіссөздер үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ынтымағымыз арта берсін! Қазақстан мен Түркияның достығы мәңгі болсын! – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.
М.ТӨЛЕУ









