АҚШ президентінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесі туралы ақпаратқа сүйенген Aikyn.kz Ақ үй басшылығындағы Иран мәселесінің елдегі ішкі саясатқа әсерін талдайды.
Өткен аптада Дональд Трамп вице-президент Джей Ди Вэнстің барлық назарын демократтар басқаратын америкалық қалалардағы қылмыс пен жемқорлықпен күреске аударғанын қалайтынын мәлімдеді. Президенттің пікірінше, заңсыз әрекеттерді тоқтату арқылы бюджетте көбірек қаржы үнемдеуге болады.
«Егер осы ауқымды қылмыстық әрекеттер тоқтатылса, бюджетімізді тез арада теңгеруге болар еді. Жемқорлық демократиялық басшылықтың қанына сіңген!» – деп жазды Трамп әлеуметтік желіде. Ол Иранмен келіссөз жүргізу қажеттігін де жоққа шығарды.
«Бізге Иранмен келісім қажет емес. Ол кезең әлдеқашан өтті. Олардың жүздеген миллиард доллар ақшасы да, бұғазы да біздің қолымызда», – дейді АҚШ президенті.
Өзінің мәлімдемесі арқылы Трамп Иранға қатысты әскери және экономикалық басымдыққа ие екенін көрсеткісі келді. Сарапшылар президенттің қаржы мен бұғазға бақылау орнату туралы сөздерін оның саяси мәлімдемесі ретінде қабылдау керектігін айтуда.
Бұған дейін Иранмен қақтығысты реттеу әрекеттеріне қатысқан Джей Ди Вэнс президенттің соғысқа қатысты ұстанымынан алшақтай бастағанға ұқсайды. Вице-президент республикалық партияның Конгрестегі аралық сайлауда жеңілуін Ирандағы соғыспен байланыстырған. Ол әскери операцияларға жұмсалып жатқан шығындардың қаншалықты орынды екеніне күмән келтірген.Вэнс 2028 жылғы президенттік сайлауға республикалық партия атынан қатысуы мүмкін негізгі саясаткерлердің бірі ретінде қарастырылуда. Сондықтан оның Ирандағы соғысқа қатысты ұстанымы алдағы саяси бәсекелестік тұрғысынан да маңызды.
Дональд Трамп 2025 жылғы қаңтарда екінші президенттік мерзіміне кіріскеннен бері демократтар басқаратын қалаларды көші-қон саясаты, қылмыс және болжамды жемқорлық үшін бірнеше рет сынаған. Енді ол вице-президенттің назарын Ирандағы қақтығыстан ішкі мәселелерге аударуға кеңес беруде.
Бұл шешім Ақ үйдің саяси басымдықтарындағы айырмашылықты көрсетеді. Трамп Иранға қарсы қатаң саясатты жалғастыруды қолдаса, Вэнс соғыстың экономикалық шығындары мен сайлаушылардың наразылығына көбірек көңіл бөліп отыр.
Трамп пен Вэнстің ұстанымдарының екі түрлі болуы АҚШ-та Иранға қарсы соғыстың саяси бағасы өсіп келе жатқанын аңғартады. Ендігі маңызды мәселе – Вашингтон сыртқы әскери мақсаттарына басымдық бере ме, әлде ішкі экономикалық және саяси қысымды азайту үшін бағытын өзгерте ме?









