Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарына несие рәсімдеуге көмектесіп, ақшаның бір бөлігін заңсыз өз қалтасына басып отырған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушілердің өздері келіп, күдіктіден телефон арқылы несие алуға көмектесуін сұрағаны анықталды. Күдікті әйел ауыл тұрғындары сұраған сомадан көп мөлшерде несие рәсімдеп, оның бір бөлігін өзі алып отырған.
Мысалы, күдікті өзінің телефонына орнатылған қосымша арқылы көршісіне 1 млн теңге сомасында несие ресімдеп, оған небәрі 500 мың теңге аударып, қалған бөлігін өзіне қалдырған. Зардап шеккендер банктен хабарлама ала бастағанда алдаудың құрбаны болғанын білген.
Бүгінгі таңда 6 жәбірленуші анықталды, жалпы шығын шамамен 4 млн теңгені құрады. Күдікті ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті азаматтарды қаржылық операциялар кезінде мұқият болуға және мұны бөгде адамдарға сеніп тапсырмауға шақырады.