Ақтауда есірткі қылмысын жасаған азаматтар 10 жылға сотталды

Ақтауда көкшетаулық тұрғындар есірткі қылмысын жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Мамыр айында Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 36 жастағы көкшетаулық екі тұрғын ұсталды.

Күдіктілердің жалдамалы пәтерлеріне тінту жұмыстарын жүргізу кезінде 415 грамм мефедрон мен 13 грамм кокаин, сондай-ақ есірткіні орауға арналған қажетті құралдар тәркіленді.

Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдіктілер есірткі, психотроптық заттарды, өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу дерегі бойынша кінәлі деп танылды.

Оларға 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.