Астанада автобус жүргізушісі әйелді қағып кетті. Әйел алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Желіде оқиға орнынан бейне тарады. Жазбадағы ақпаратқа сүйенсек, апат Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында болған.
Астана полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, апат қозғалысты бақылау үшін бағдаршам жоқ, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде орын алған. Мұндай жерлерде жүргізушілер ережелерде көрсетілгендей жаяу жүргіншілерді өткізіп жіберуге міндетті.
“102 операторына Сығанақ көшесімен келе жатқан автобус жүргізушісі Тұран даңғылына оңға бұрылған кезде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі бойынша жолды кесіп өткен жаяу жүргіншіні соққаны туралы ақпарат келіп түсті. Әйел алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды”.Астана ПД
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды және қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалды.
Бұған дейін Қостанайлық полицейдің “синтетика” таратқаны үшін 15 жылға темір торға тоғытылғаны хабарланған болатын.