Ұлытау облысында “қос ғашық” бұзақылық әрекеттері үшін жауапқа тартылды

Сәтбаев қаласында “қос ғашық” бұзақылық әрекеттері үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түнгі қалада серуендеген қыз бен жігіт қоғамдық тәртіпті бұзып, мектеп жанында орнатылған макетке зиян келтіргені анықталды. Бұл макет балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер жолының жанына қойылған болатын.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде макетті сындырған 21 және 22 жастағы қыз бен жігіт анықталды. Тергеу барысында олардың мектеп жанындағы макетті қасақана сындырғаны белгілі болды.

Құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (73840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция жастарға тәртіп сақтау қажеттілігін ескертіп, өзгенің мүлкін қадірлеудің маңызды екенін атап өтті.