Қызылорда облысының полиция департаменті “Адам саудасын бірге тоқтатайық!” республикалық ақпараттық науқанын өткізді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Адам саудасы бүгінде жаһандық проблемалардың біріне айналды. Қылмыскерлердің негізгі мақсаттары – сексуалдық және еңбекпен қанау, заңсыз жолмен асырап алу, трансплантация жасау үшін адам мүшелерін алу.
30 маусым – Бүкіләлемдік адам саудасына қарсы күрес күні Қызылорда облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері үкіметтік ұйымдармен бірлесіп, 29-30 шілде күндері “Адам саудасын бірге тоқтатайық” республикалық ақпараттық науқанын өткізді. Адам аяғы көп жүретін орындарда жадынамалар таратып, қаскөйлерден қорғану бойынша кеңестерін айтты.
– Өз құжаттарыңызды ешкімге бермеген жөн. Жұмыс, оқу немесе шетелдегі неке туралы күмәнді ұсыныстардан аулақ болу қажет. Мұны әр адам, әсіресе, жастар естерінен шығармауы тиіс, — дейді Қызылорда облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Талғат Шонаев.
Қабылдаушы тарапқа қатысты барлық ақпаратты, шекарадан шығу үшін қол қойғалы жатқан құжаттарды тексеріп алу керек. Сондай-ақ барғалы отырған мемлекеттегі Қазақстан елшілігінің дипломатиялық өкілдігінің байланыс мәліметтерін нақтылап алған жөн.
Адам саудасына қатысты барлық фактілер туралы “102” нөміріне немесе “116-16” республикалық сенім телефонына хабарлаңыздар.