Қызылордада ЖҚЕ бұзған 900-ге жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды

Қызылордада жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 900-ге жуық жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Қызылорда қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті күшейтілген тәртіпте қызмет атқарады.  Қала аумағында азаматтардың арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан емес, жолдың кез келген бөлігінен кесіп өтіп, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін жайттар аз емес.

Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы және патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін бұзған 890 азаматты анықтап, тиісінше заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырды.

Аталған жаяу жүргіншілер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабымен (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) жауапкершілікке тартылды.

Осы ретте тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндеген жүргізушілерге жол үстінде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.