Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қайтыс болған Салтанат Нүкеновамен некесін ресми тіркемеген. Бұл туралы прокурор Айжан Аймағанова мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«2022 жылғы 16 желтоқсанда Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың тойы өтті. Бірақ, олар некесін ресми тіркемеген. Олар азаматтық некеде болған», – деді Айжан Аймағанова күдіктіге қатысты айыптауларды оқи отырып.
Одан бөлек, күдікті азаматтық некедегі әйелінің ұялы телефонын бақылап, қоңыраулар мен хабарламаларды тексеріп отырған. Сондай-ақ, айыптаушының айтуынша, күдікті С. Нүкенованы 2023 жылғы наурыздан бастап жүйелі түрде ұрып соққан. Күдікті Қ. Бишімбаев пен С. Нүкенова арасындағы ұрыс-керіс мейрамханаға бармай тұрып басталған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылып отыр.
Іс елорданың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Судья — Айжан Құлбаева.
Айта кетсек, алдын ала тыңдауға 80-ге жуық БАҚ өкілі онлайн қатысып отыр.
Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды.