Қостанайда жалған құжатпен жүрген шетел азаматы ұсталды

Қостанайда жалған құжатпен жүрген шетел азаматы ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

“Заңсыз келуші-2024” операциясы барысында облыс орталығында орналасқан құрылыс нысандарының бірінде көші-қон қызметінің мамандары көршілес елдің 45 жастағы азаматын ұстады. Бұл азамат 2022 жылы Қазақстаннан көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шығарылған еді. Алайда ол төлқұжатына жалған мәліметтер енгізіп, елге қайта оралған.

Полицейлер шетелдіктің жеке басын анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сот шешімімен ол 7 тәулікке арнайы қабылдау орнына қамалды. Ұсталған азаматтың ісі Қарағанды облысының полициясына жолданды, сол аймақтың тәртіп сақшылары оны Қазақстаннан шығару процесін қадағалайтын болады.

Айта кетейік, “Заңсыз келуші-2024” іс-шарасының нәтижесінде құқық қорғау органдары 130-ға жуық шетелдік азаматтың елде болу ережесін бұзғанын анықтап, оның ішінде 8 адамды елден шығарды.

Сот шешімімен елден шығарылған шетел азаматтары белгіленген уақыт ішінде Қазақстаннан кетуі тиіс. Бұл талапты орындамаған жағдайда, оларға қозғалыс еркіндігін шектеу және мәжбүрлеп шығару секілді заңды шаралар қолданылады.