Қарағандыда полиция жалпы 41 млн теңге берешегі бар төрт жүргізушіні ұстады

Қарағандыда полиция жалпы 41 млн теңге берешегі бар төрт жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысы аумағында ақпан айының 26 мен 28 аралығында “Борышкер” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Оның басты мақсаты – әкімшілік құқық бұзушылық бойынша шығарылған қаулылардың, яғни айыппұлдарды уақытылы төлеуді қадағлау. Іс-шараға прокуратура және жеке сот орындаушыларда қатысты.

Мәселен, жыл басынан бастап, жалпы соммасы 542 миллионға айыппұл салынып, оның 325 миллионы өндірілсе, салынған айыппұлдардың төленбегені 217 миллион теңгені құраған. Бұл жұмыстарға тәртіп сақшылары “Қорғау” жүйесін тиімді пайдаланып, оның көмегімен 40-тан астам автокөлік тоқтатылып, 1 миллион 500 мың теңге айыппұл өндірілген.

 

– Мысалы Қарағанды қалалық полиция басқармасы, патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жеке сот орындаушылармен бірлесіп, “Қорғау” жүйесін пайдалану арқылы сот талаптарын орындамағаны үшін жеке сот орындаушылармен іздеуге берілген 4 автокөлік анықталды. Көлік иелерінің айыппұл бойынша берешегі 41 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта автокөліктер иелерінен тәркіленіп алынып, айып тұрағына қойылды. Көліктерді бағалау жүргізілгеннен кейін тыйым салынған мүлікті сату бойынша атқарушылық шаралар қабылданады, – дейді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов.

Оның айтуынша, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 327 айыппұл бойынша 12 млн теңге өндірілсе, 1 мың әкімшілік айыппұл бойынша 2 млн 500 мың теңге айыппұл өндірілді.

– Ең бастысы заң бұзбау қағидасын берік ұстану керек. Ал егерде құқық бұзушылыққа жол беріп, әкімшілік айыппұл салынса 7 тәулік ішінде 50 пайызын төлеуге болады. Уақытылы төленбеген айыппұлдар жеке сот орындаушыларға кетсе, мәжбүрлі түрде өндіріп алу бар екенін естен шығармау қажет, – деді Бағдат Кәкімов.