Қарағандыда полицейлер ұрланған көлікті иесіне қайтарды

Қарағандыда полицейлер ұрланған көлікті иесіне қайтарды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің қызметкерлері ізін суытпай автокөлік айдап әкеткен күдіктіні ұстады. 35 жастағы көлік иесі темір тұлпарын кешкілік уақытта үйінің ауласына қойып, таңертең оны белгісіз біреулердің ұрлап әкеткенін көріп, бірден полицияға хабарлаған. Келтірілген шығын көлемі 12 миллион теңгені құрады.

Жәбірленушінің хабарламасына сәйкес, ақпарат барлық полиция жасағына берілді. Арада шамамен он бес жиырма минут өткенде тәртіп сақшылары бағдарда берілген автокөлікті қала көшелерінің бірінде көріп, 33 жастағы азаматтың басқаруында ұстады. Ұсталған азамат көлікті айдап әкеткені туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.