Қарағандыда ломбардтардың бірінен телефон ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшсі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаланың Бұқар жырау даңғылында орналасқан ломбардтардың бірінде таңғы сағат 06.00 шамасында белгісіз біреу кіргендіктен дабыл түймесі ойнаған. Оқиға орнына бірден сол маңға жақын жерде қызмет атқарып жүрген қалалық полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің жасағы жіберілді.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары белгісіз біреудің ломбардтың терезесін сындырып, ішке кіріп, ұрлық жасағанына куә болды. Тәртіп сақшылары бірден ұрлықты ашу мақсатында қылмыс жасалған аумақта іздестіру жұмыстарын жүргізді. Кешенді іс-шаралар барысында көп ұзамай осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 19 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Күдікті жасаған қылмысын мойындады, одан айғақ зат тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.