Қазақстан полициясы Интерполмен іздеуде жүрген екі қылмыскерді ұстады

Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросы криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы қаласының халықаралық әуежайында халықаралық іздеуде жүрген ҚХР азаматтарын ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтемме жасап.

Ұсталғандардың бірі Қытайдың құқық қорғау органдарымен іздестірілген. Ол Харбин қаласы Даоли ауданының базарында 100-ден астам сатушыдан ақша бопсалаған.  Қылмыскер Вьетнамнан шығып, Қазақстанға  Катар арқылы кірмек болған.

Ал екінші ер адамды Сауд Арабиясының құқық қорғау органдары Эр-Рияд қаласындағы әйгілі дүкендерден аса ірі мөлшерде зергерлік бұйымдарды ұрлағаны үшін іздеуге жариялаған. Келтірілген шығын 200 мың АҚШ долларынан асады.

Қазіргі таңда қылмыскерлер қамауға алынды, оларды экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.