Шымкентте жалған өрт сөндіруші хостел меңгерушісін алдап, ақшасын жымқырған

Шымкентте жалған өрт сөндіруші хостел меңгерушісін алдап, ақшасын жымқырған , – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алаяқты жедел іс-шаралардың нәтижесінде қалалық ПД-ның киберполицейлері құрықтады. Ұсталған азамат Шу қаласының 27 жастағы тұрғыны.

Тергеу барысында анықталғаны, ол бұрын-сонды осы қонақ үйде бірнеше рет болып, меңгерушінің жеке нөмірін біліп алған. Кейін оған хабарласып, өзін өрт сөндіру қызметкері ретінде таныстырды. Қаскөй хостел ғимараты қауіпсіздік талаптарына толық сай келмейтінін және тиісті сертификаттың мерзімін 58 мың теңгеге ұзарта алатынын жеткізген. Сенгіш азамат бірден қажет соманы айтылған шотқа аударған.

Уақыт өте алаяқтың арбауына түскенін білген жәбірленуші полицияға осы жайт туралы хабарлаған.  Қазіргі таңда қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды.

Құқық қорғаушылар бейтаныс тұлға қоңырау шалып, түрлі мәселеңізді шешу үшін ақша талап етсе, әңгімені үзіп, ақпаратты тексеруді ескертеді. Аса қырағы болып, жақындарыңыз бен таныстарыңызға алаяқтықтың түрлері туралы ақпарат беріңіз.