Шерзат ісі сотқа қашан жолданады

ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі сотқа жолдау тәртібіне түсінік берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

— Әзірге, сотқа жолданатын нақты күнін атай алмаймын. Өйткені заң бойынша мұндай шешімдер әдетте 10 күн ішінде қабылданады. Бірақ істер күрделі болса, прокурордың мұндай шешімді бір ай ішінде қабылдауға мүмкіндігі бар, — деді Бас прокурордың орынбасары Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол күдіктілердің саны өзгеріссіз қалғанын нақтылады, осыған дейін жарияланған 11 адам бар.

Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жасар жасөпірім қайтыс болғанын жазғанбыз.

15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды.

Кейін Азат ауылында жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай ұсталғанын жазғанбыз.