Шерзат Полатты өлтірді деген күдіктілердің бірі изоляторда туған күнін тойлаған: тексеріс басталды

Әлеуметтік желіде Шерзат Полатты өлтірді деген күдіктілердің бірінің уақытша ұстау изоляторындағы видеосы тарады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Онда олар туған күн тойлап, “Алиса” арқылы Қайрат Нұртастың “Туған күн” әніне “тапсырыс” беріп, тіпті торттағы шамды да үрлейді. Сосын мұның бәрін видеоға түсіріп алған.

Желі қолданушылары ауыр қылмыс жасады деп айыпталғандардың уақытша ұстау изоляторында бұлай өмір сүріп жатқанына наразы болды.

Алматы облысының полициясы Zakon.kz тілшісіне қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

“Уақытша ұстау изоляторында ұсталғандардың бірінің туған күнін тойлап жатқаны түсірілген видеоға қатысты жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Барлық кінәлілер, оның ішінде басшылық қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауда”, – делінген хабарламада.