“Шашыңды өріп беремін”: Шымкентте кішкентай қыздардың сырғасын ұрлаған бойжеткен ұсталды

Шымкентте кішкентай қыздардың сырғасын ұрлаумен айналысқан бойжеткен ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қаскөй кішкентай құрбандарын көппәтерлі үйлердің ауласынан тапқан. Қыз балаларды “шашыңды әдемілеп өріп беремін” деп алдап, құлақтарынан алтын сырғаларды шешіп алып жүрген.

Үш күн ішінде ол қаланың 4 кішкентай тұрғынынан алаяқтық жолмен қымбат зергерлік бұйымдарды алдап алып, 300 мың теңгеге жуық шығын келтірген.

Аталған қылмыс туралы хабарлама алған Әл-Фараби АПБ-ның жедел уәкілдері дереу күдіктіні іздеуге кірісті. Полицейлер куәгерлерден болған оқиғалар туралы сұрастырып, қылмыс орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 20 жастағы бойжеткен қала аумағында ұсталды. Ол ұрлаған бұйымдарды ломбардқа өткізгені анықталды.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды мұқият болуға және кішкентай ұл-қыздарын қараусыз қалдырмауға шақырады.