Халықаралық әуе рейсінің мас жолаушысы тәртіп бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды

Халықаралық әуе рейсінің мас жолаушысы тәртіп бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы – Сочи бағытындағы әуе рейсінің 29 жастағы жолаушысын анықтап, ұстады. Әйел кісі әуе рейсіне отырғызу кезінде мас күйде болып, өзін дөрекі ұстап, әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтып, ескертулерге құлақ аспаған. Ол сондай-ақ полиция бөлмесіне жеткізу кезінде тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған.

Көлік полицейлері құқық бұзушыға қатысты қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттама толтырып, материалды сотқа жолдады.

Айта кету керек, бұл азаматша бұған дейін бір жыл ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.