Түркістан облысында тонау қылмысына қатысы бар күдікті ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы Болат Худайбергенов қызмет атқару барысында түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алып жатады. Осындай жайттың бірі облыс орталығы көшелерінің бірінде болды. Нақтырақ айтсақ, кезекшілікке түскен полиция қызметкері қоғамдық орындарға бейнебақылау камералары арқылы зерделеу жүргізіп, тұрғындар арасындағы дау-жанжалды байқап қалады. Яғни белгісіз ер адам әйелдің мойнындағы әшекей бұйымын үзіп алып, сөмкесін тартқылап жатқанын көрген. Содан бірден әрекет етіп, оқиға орнына жақын маңда жүрген полицейлерге хабар берді. Осылайша жедел әрекет нәтижесінде ішімдік ішіп, тапа-тал түсте тонау қылмысын жасаған ер адам ұсталды.