Түркістан облысында полиция тұрғындарды 5 млн теңгеге сан соқтырған күдіктіні ұстады

Алаяқтардың құрбаны болған Түркістан облысының тұрғындары полицейге көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғындары аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Дінмұхамед Әбдәкімге қылмысты ашудағы көрсеткен жеделдігі мен кәсібилігі үшін алғыстарын білдірді.

Жәбірленушілердің айтуынша, “зейнетақы алуға көмектесемін”, “мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін” деген бейтаныс әйелдің жалған сөзіне сеніп, берген ақшаларынан айырылып қалған.

Тергеу барысында тергеуші Дінмұхамед Әбдәкім күдіктінің алаяқтықтың үш фактісіне қатысы барын, жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 5 миллион теңге екенін анықтады. Нәтижесінде қылмыстық іс материалдары сотқа жіберіліп, қаражат жәбірленушілерге қайтарылды.

Жергілікті тұрғындар полицейге алаяқтықты дер кезінде анықтап, заң аясында ақшаны қайтаруға көмектескені үшін шын жүректен алғыстарын білдірді.