Теміртауда полиция қызметкері зейнеткердің 11 миллион теңгесін алаяқтарға аударудан сақтап қалды

Теміртауда полиция қызметкері интернет-алаяқтың құрбаны бола жаздаған азаматтың 11 миллион теңгеден астам қаржысын сақтап қалды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға Қарағанды облысының Теміртау қаласында сағат 14:30 шамасында болды. Шаһардағы шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Евгений Светов әкімшілік аумақта қызметін атқарып жүрген кезде оның ұялы телефонына банктердің бірінің қауіпсіздік бөлімінің қызметкерінен қоңырау түсті. Қоңырау шалушы қаржы мекемесінде бір ер адамның күдікті несие рәсімдеп жатқанын хабарлады.

Инспектор дереу банкке жетіп, тексеру барысында 64 жастағы азаматтың 11 миллион 200 мың теңге көлемінде несие рәсімдеуге дайын екенін анықтады. Бұл қаражат несие құжаттарына қол қойылғаннан кейін бірден белгісіз шотқа аударылуы тиіс болатын.

Алайда полиция қызметкері операцияны тоқтатты. Тергеу барысында белгісіз адамның зейнеткерге телефон арқылы хабарласып, өзін электр есептегіштерін орнату және жөндеу қызметкері ретінде таныстырғаны белгілі болды. Алаяқ әңгіме барысында фирмасына тиімді шарттармен инвестиция салуды ұсынған. Осы ұсынысқа сенген ер адам банкке барып, несие рәсімдеуге шешім қабылдаған. Банк қызметкерлері күдікті жағдай туралы ескерткеніне қарамастан, зейнеткер өз жоспарын өзгертпеген еді.

Тек учаскелік инспектордың түсіндірмесінен кейін ғана зейнеткер алаяқтың айласына түсіп қалғанын түсініп, несие рәсімдеу операциясынан бас тартты.