Жыл басынан СҚО полицейлері электрсамокаттардың жүргізушілері тарапынан жол ережелерінің 400 бұзушылығын тіркеді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер кикшерингтік қызметтің өкілдерімен кездесті. Аталмыш кездесуге қалалық әкімдіктегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Әсіресе кикшеринг қызметін адамдар жаз мезгілінде кең пайдаланады. Алайда электрсамокаттарды жалға алып мінетін адамдардың кейбіреуі ғана шағын көлік құралдарын дұрыс пайдалану ережелерінен хабардар.
Жыл басынан тәртіп сақшылары Петропавл көшелерінде осындай көліктердің жүргізушілері тарапынан жол жүрісі қағидаларының 431 бұзушылығын тіркеді. Кейде адамдар электрсамокаттарды жолаушылар тасымалдау үшін пайдаланады, жаяу жүргіншілер өткеліне келгенде көліктен түспей жүйткіп өтеді, жол үстіне шыққанда арнайы шлем кимей жүреді.
– Соңғы уақытта самокаттарды пайдаланып болған адамдар оларды тротуарда, тіпті жол үстіне де қойып кетіп жатады. Бұл да өзекті проблемаға айналып отыр. Полиция департаменті тарапынан аталған ұйымға бірқатар ұсыныстар әзірлеп қойдық. Олардың арасында ереже бұзғандардың жеке басын анықтауда көмек көрсету, көше қиылыстарына жақындағанда электрсамокаттардың жылдамдығын төмендетуді автоматтандыру және тағы да басқа ұсыныстар бар. Бұлардың барлығын алдағы уақытта осы ұйымның басшылығына жолдаймыз, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.