СҚО-да полицейлер адамның өмірін сақтап қалды

СҚО-да полицейлер адамның өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

5 қараша күні сағат 19:00 шамасында СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Константин Пеньков пен Руслан Касимов Астана – Петропавл автожолындағы кезекшілік кезінде жол шетіндегі жанар-жағармай станциясының аумағында Toyota Corolla автокөлігінің жанында тұрған жігіт пен қызды байқап қалды. Сырт көзге олардың арасында жанжал болып жатқан сияқты көрінді.

Қандай да бір заң бұзушылықтар орын алмас үшін тәртіп сақшылары жастарға жақындап келгенде, жас жігіт ештеңе болмағанын айтып сендірді. Бірақ сәл ұзаған полицейлер жігіттің кенеттен көпір жаққа жүгіріп бара жатқанын байқап қалды. Батальон қызметкерлері дереу қызметтік көлікке мініп оның соңынан жүрді.

Жігіт темір қоршауларға мініп секірмек болғанда полицейлер оны қолынан ұстап, тоқтатып үлгерді. Сәлден соң ашуы басылып, алғысын айтты. Полиция қызметкерлерінің сауатты әрекетінің нәтижесінде қайғылы оқиғаға жол берілмеді.