СҚО-да интернет-алаяқтықтан сақтану үшін 100 мыңнан астам тұрғын eGov қызметін қосты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
1 шілдеден бастап Солтүстік Қазақстанда полицейлер “Құқықтық тәртіп” облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Басты мақсат – тұрғындарды интернет-алаяқтықтан қорғау үшін eGov.mobile қосымшасындағы “банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту” қызметін қосуға шақыру.
Бұл қызметті қосу арқылы азаматтар 6 ай бойы несие ресімдеуді бұғаттайды. Қылмыскерлер құпия деректерді қолға түсірсе немесе телефонға қашықтан қол жеткізу қолданбасын (AnyDesk, HopToDesk, TeamViewer және т.б.) орнатуға көндірсе де несие ресімдеткізе алмайды.
Егер алданған адам несиені өз бетінше ресімдеуді шешсе, ол қызметтен бас тарту туралы өтініш жазуы керек. Әрі оның өз әрекеттерін ойланып істеуіне, жақындарымен кеңесуіне уақыт болады. Нақтырақ айтқанда, алаяқтардың айла-тәсілдерін әшкерелеуге мүмкіндік алады.
– Полиция қызметкерлері мүдделі ұйымдармен бірлесіп ұзақ уақыт бойы адамдарды eGov.mobile жүйесіндегі осы қызметті қосуға үгіттеп келеді.
Бүгінде 526 мыңнан астам тұрғыны бар облыстың 122 291 тұрғыны, яғни өңірдің әрбір бесінші тұрғыны несиеден өз еркімен бас тартуды ресімдеді. Жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шара шеңберінде полицияның барлық қызметтерін тарта отырып, бұл бастаманы облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда да барынша кеңінен насихаттау жоспарлануда, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Бұдан бөлек, іс-шара өтіп жатқан уақытта тәртіп сақшылары есептегі тұлғаларды, қару иелерін күшейтілген түрде тексеруде, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша басқа да шаралар қабылдап жатыр.