СҚО-да жеке күзет құрылымдары күзетшілерінің көмегімен 11 ұрлық пен құқық бұзушылықтардың жолы кесілді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысында полиция қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті және күзетілетін объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етуде жеке күзет құрылымдарының күштерін белсенді пайдаланатын болады. Облыстық полиция ведомствосында СҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрманғали Ысмағұловтың төрағалық етуімен осы жылдың 6 айында күзет қызметі субъектілерімен өзара іс-қимыл барысында атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша жұмыс кездесуі өтті.
СҚО полиция департаментінің күзет қызметін бақылау бөлімінде күзет қызметімен айналысатын 100-ден астам субъекті есепте тұр. Жеке ұйымдардағы күзетшілерінің саны – 2 мыңға жуық. Олар 4400-ден астам нысанды күзетеді, оның 582-сін адамдар күзетсе, 3836-сы орталықтандырылған бақылау пульттері арқылы қорғалады. Сондай-ақ орталықтандырылған бақылау пультіне 850 пәтер қосылған.
Ішкі істер органдары күзет қызметі субъектілерінің 599 күзетшісін қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырады. Биыл олар қылмысты ашудың 8 фактісіне қатысып, 58 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. 104 адам ұсталып, полицияға жеткізілді, сондай-ақ күзетілетін объектілерде 11 ұрлық пен құқық бұзушылықтың жасалуының алдын алды.
Жұмыс кездесуінде экстремизмге қарсы іс-қимыл, жергілікті полиция қызметі басқармалары бастықтарының міндетін атқарушы қызметкерлер баяндама жасады. Олар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмыстардың негізгі талаптары мен бағыттарына тоқталды.
Жұмыс кездесуінің соңында Құрманғали Ысмағұлов білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен шараларды жүйелі, бірлесіп іске асыруды нығайту қажет екенін және осы жұмыстың маңыздылығын атап өтті.