Петропавлда кәріз құдығында жарылыс болды, салдарынан бес жұмысшы жараланды. Оқыс оқиға кезінде мамандар кәріз құбырын ауыстырып жатқан, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға жайлы 20 ақпанда “КТК” телеарнасы мәлімдеді.
Белгілі болғандай, “Қызылжар су” серіктестігінің қызметкерлері ескі құбырларды дәнекерлеп жатқан. Осы сәтте кәріз құдығына жиналған газ жарылып, бесеуі де жарақат алды. Бірінің тобығы сынып, қалғанының денесін күйік шалған. Олар дереу қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
“Жараланғандардың төртеуін ауруханаға жатқыздық. Оларды бірінші және үшінші дәрежедегі термиялық күйік шалған. Ал біреуінің құлағы ғана күйіпті. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне қайтарып жібердік. Ол емханадағы дәрігерлер бақылауында болады”.Қайрат Мәжитов, Петропавл көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі
Бұған дейін Алматы облысындағы алаяқтың қайтыс болған баланың еміне ақша жинағаны хабарланған болатын.