Павлодар облысында қауіпсіздік белдігін тақпаған 7,5 мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды

Жыл басынан бері Павлодар облысында қауіпсіздік белдігін тақпаған 7,5 мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығын әркім жақсы біледі. Дегенмен, барлық ережелер мен айыппұлдарға қарамастан, қауіпсіздік белдігін тағу әдеті әлі де толық қалыптаспаған: жүргізушілер мен жолаушылар арасында бұл талапқа немқұрайлы қарайтындар бар.

Жыл басынан бері Павлодар облысының полициясы қауіпсіздік белдігін тақпаған 7,5 мыңға жуық жүргізушіні жауапкершілікке тартты.

– Мысалы Павлодар қаласында Лермонтов көшесінде патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері «Тойота» автокөлігін тоқтатты, оның жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпаған еді. Осы бұзушылық үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деп мәлімдеді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.

Статистика бойынша қауіпсіздік белдігін пайдалану жол-көлік апаттарының 70%-ында жарақат алудан сақтайды. Полиция азаматтарды жол ережелерін қатаң сақтауға, жолда сергек әрі мұқият болуға шақырады.