Павлодар облысында заңсыз аң аулаған браконьер қолға түсті

Павлодар облысында заңсыз аң аулаған браконьер қолға түсті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысының аумағында 20 қазаннан 19 қарашаға дейін “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған.

Осы шара аясында полиция қызметкерлері Железин ауданының Разделное ауылының маңында аудан тұрғыны жүргізген ВАЗ-21060 автокөлігін тоқтатты. Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, тексеру барысында автокөлік салонынан аңшылық мылтықтар және екі еліктің өлексесі табылған.

– Заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген жануарлардың өлекселеріне сот-биологиялық сараптама тағайындалды. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды, – деді Қуаныш Мұстафинов.

Іс-шара басталғаннан бері полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының 95 бұзушылығын анықтап, тоқтатты. Олардың қатарында аңшылық және балық аулау ережелерін бұзу фактілері бар. Жалпы көлемі 900 келіден астам заңсыз ауланған балық тәркіленді.

Полиция департаменті табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалау және браконьерлікті болдырмау маңызды екенін еске салып, азаматтарды заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.